«Қазақ рухының қағбасы -Ордабасы» мерекелік шарасында түрлі бағдарламалар ұйымдастырылған. Қонақтарға «Алтын күз» айдары бойынша ұсынылған ауылшаруашылығы өнімдерінің, қол өнер шеберлерінің және түрлі ұлт өкілдерінің көрмесі ұсынылды. Азулы айтыскер ақындар додаға түсіп, өзара бақ таластырды. Тарихқа тұнған, тағылымы мол Ордабасы туралы ғылыми –танымдық конференция өтті. Көпшілікке «Күш атасын танымас» ұлттық спорт ойындары көрсетілді.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Ордабасы ауданының әйгілі 10 азаматын «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төс белгілерімен марапаттады. Сондай- ақ, атаулы мерекеге орай аудан орталығы Темірлан елді мекенінде жаңадан бой көтерген тұрғын үйден көпбалалы және аз қамтылған 20 отбасыға пәтер кілттері табыс етілді. Мерекелік іс - шара ҚР эстрада жұлдыздарының шеруімен жалғасты.
Ордабасы тауының қойнауында 1726 жылы Орда тігіліп, қазақтың үш жүзінің игі жақсылары бас қосқан. Алаш жұртының пәтуаға келіп, жоңғар басқыншылығына қарсы күреске бірігуі тұтас елдің тағдырын шешкен тарихи оқиға болатын. Осы кезден бастап ол киелі, әулиелі жер саналып келеді. Бүгінде ауданда 120 мың халық тұрады.
«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»