Облыста 1200 гектарға жуық, яғни 5000 данадай жылыжай бар. Олардың басым бөлігі қоршаған ортаны қорғауға арналған эмиссияларға рұқсатсыз жұмыс істеуде. Өткен жылы уәкілетті орган тарапынан тексерулер жүргізіліп, 100-ден астам жылыжай иелеріне айыппұлдар салыныпты. "Жалпы жылыжай қазандықтары көмірмен немесе газбен жылытылады. Оларда қоршаған ортаны бұзатын шығарындылар бар. Соған сәйкес эмиссияларға рұқсат алуы керек. Жыл басынан 100-ге жақын өтінімдерді рәсімдеп, жылыжай иелеріне тапсырдық",- деді Г.Саметова.
Сондай-ақ, мамандар экологиялық, эпидемиологиялық талаптарға сәйкес жылыжайдың санитарлық қорғаныш аймағы 100 метрден кем болмауы керектігін ескертеді. Жеке тұрғын үйінің ауласынан жылыжай салған шаруаларға бұл талапты орындау қиындық тудырары анық. Сондықтан қазіргі кезде мамандар жергілікті жерлерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жиында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов экологиялық қауіпсіздікті сақтап, заң талаптарына сәйкес жұмыс істеу керектігін айтты. Жылыжайы көп шоғырланған Сарыағаш, Қазығұрт, Сайрам аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдері басшыларын тыңдап, шаруалар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.
«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»