Суббота, 09 Ноябрь 2019 12:31

Түркістан облысы: Келесте жылыту маусымына орай сақтық шаралары жасалуда

Түркістан облысы Төтенше жағдайдайлар департаментінің жобасына сәйкес, облыс бойынша аудандарға улы газ датчиктерін орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда Келес ауданы бойынша барлық ауылдық округтерінің аз қамтамасыз етілген отбасылар, көп балалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар және жалғыз тұратын зейнеткерлердің тұрғын үйлеріне орнату үшін улы газ датчиктерін тегін тапсырады.

Арнайы мамандар осы құралдарды орнату бойынша жұмыстарын бастады. Келес ауданы әкімінің орынбасары Абай Жаңбырбаев улы газ датчиктерін орнату барысымен танысты. Танысу барысында әкім орынбасары ауыл тұрғындарымен сұхбат құрып, аталған құрылғының тиімді тұстары мен адам өмірін сақтаудағы рөлін айтып өтті. Аудан орталығы Абай ауылының тұрғындарының үйлерінде 157 датчик қойылса, қалғандары ауданның ауылдық округтеріндегі үйлеріне орнатылады.

Бұл шара көптеген тұрғындарды улы газбен уланудан қорғауға, өрт санын азайтуға, жылыту маусымында адамдардың қаза болуы мен жарақаттануына көмектеседі. Көбінесе өрт кезінде адамдар уланған түтіннің жұғуы салдарынан қаза болады. Өз қасиеттері бойынша улы газ немесе көміртегі монооксиді (CO), түсі, иісі және дәмі жоқ улы газ болып табылады және адам үшін мүлдем көрінбейтіндей болып таралады. Улы газбен уланудың алғашқы белгілері: бас ауруы, бас айналуы, шаршау немесе жүрек айнуы. Сергектік жағдайында адам бұл симптомдарды тұншықтырғыш газбен байланыстыра алмайды, ал түсінде ол оларды байқамайды. Ауадағы затты тек арнайы аспаптар ғана анықтай алады, себебі газдың иісі де, түсі де жоқ. Ауадағы рұқсат етілген параметрлерден асып кету датчигінің реакциясы үй-жайда уытты газдың бар екендігін айғақтайтын дыбыстық сигнал болып табылады.

Бүгінгі таңда Келес ауданы Біртілек ауылдық округі бойынша жалғыз басты зейнеткерлер мен көп балалы отбасылардың үйлеріне 641 улы газ сигнализаторын тегін орнату бойынша жұмыстар жүргізілді. Аспапты монтаждау алдында датчикті пайдалану бойынша нұсқаулық жүргізілді.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Read 382 times