Аталған кәсіпкерлік нысанның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Тоқсейіт Елекеев арнайы барып қатысып, құттықтап жылы лебізін жеткізді. Аудан әкімінің орынбасары құттықтау сөзінде: «Қазіргі таңда аудан көлемінде кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға тұрақты негізде жұмыстар жүргізіліп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлік субъектілерінің жұмыс істеуіне жағдай жасалуда. Осындай мүмкіндікті тиімді пайдаланып, өз туған жерінің өсіп-өркендеуіне үлес қосып келе жатқан азаматтың бірі Мұхаммеддәуіт Анарбайұлы. Біз бүгін Көксарай ауылындағы игілікті істің куәсі болып отырмыз. Жас та болса елге, халыққа қызмет етіп, берекелі істің көзін тауып отырған азаматтарымыздың ісі одан әрі алға баса береді деген сенімдеміз»-деді.
1993 жылы Көксарай ауылында дүниеге келген Мұхаммеддәуіт 2009 жылы «Асан» шаруақожалығын ашып, егін және мал шаруашылығын дамытуды қолға алады. Сол уақыттан бастап кәсіптің көзін тауып, шаруасын дөңгелетіп отырған кәсіпкер тек өз ісінің ғана емес ауылдың да әлеуметтік – экономикалық жағдайының дамуына өзіндік үлесін қосып келеді. 2011 жылы мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 210 бас аналық мүйізді ірі қара мал алып, асыл тұқымды мал басын көбейту ісін жандандырады. Ауылдың көркейіп өсуіне өз қаражаты есебінен 2010 жылы «Нұрислам-Айшуақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, осы жылы 300 орындық «Қосай ата» мейрамханасын, 2011 жылы «Қосай Ата» азық-түлік дүкенін ашып, ауыл тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр. Бүгінде өз ісін кеңейтіп құрылыс дүкені мен жанар-жағар май автобекетін және автокөлік жуу сервисін ашқан жас кәсіпкер 20-ға жуық ауыл азаматын жұмыспен қамтып отыр.
«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»