Четверг, 14 Ноябрь 2019 11:51

Түркістан облысы: Отырар ауданында «Халықтық кеңсе» ашылды

Отырар ауданының орталығы Шәуілдір ауылында Кәсіпкерлер палатасы ғимаратынан ауыл тұрғындарына қызмет ететін «Халықтық кеңсе» ашылды. Кеңсенің негізгі мақсаты — ашықтықты қамтамасыз ету, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, әкімшілік кедергілермен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және құжат рәсімдеуді жеңілдету. 

Аптаның дүйсенбі мен жұма күндері жұмыс істейтін орталықта түрлі саланың білікті мамандары тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, халыққа тиімді қызмет көрсететін болады. Енді киелі мекеннің азаматтары түрлі мәселелері және де өзге де сұрақтары бойынша әр мекемеге барып уақыт жоғалтпастан, осы кеңсеге келіп, барлық сала бойынша қажетті қызмет түрлерін ала алады.

Айта кетейік, бұған дейін өңірде мұндай кеңселердің алғашқысы Түлкібас ауданында ашылса, әрі қарай облыстық Полиция департаментінде және барлық қалалық және аудандық полиция бөлімдерінде жаппай ашылған болатын. Сондай-ақ азаматтар үшін қолайлы кеңселер алдағы уақытта өңірдің басқа да аймақтарында ашылатын болады.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 529 times