Бүгінгі таңда аудан бойынша 70903 бас ірі қара, 360257 бас уақ мал, 45 бас шошқа, 19734 бас жылқы, 429 бас түйе бар. Эпизоотияға қарсы іс-шаралар жүргізу барысында аудан көлемiнде 10 ай ішінде аса қауiптi жұқпалы аурулармен ауырған жануарлар тiркелген жоқ. 2019 жылғы «Эпизоотияға қарсы шаралар жүргізу» республикалық бағдарламасына сәйкес, ауыл шаруашылығы жануарларына вакцина егу (14 түрлі ауруға), диагностикалық тексеру жұмыстарын жүргізу үшін ауылдық округтер бойынша жоспар түзіліп, жұмыстар ақпан айынан бастап жүргізілуде. Мал дәрігері мамандары жұмысқа қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Диагностикалық тексерулер жоспарына сәйкес аудан бойынша жыл басынан 64 570 бас ірі қара мал мен 244 332 бас уақ мал сарып ауруына қарсы диагностикалық тексеруден өткізіліп, нәтижесінде аудан бойынша 16 бас ірі қара мал, 44 бас уақ мал сарып ауруына оң нәтиже көрсеткен. Ауруға шалдыққан малдарға «Б» таңбасы басылып, ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес, Шымкент қаласындағы «Замин» ЖШС-нің арнайы мал сою бекетінде санитарлық сойылып, көздері жойылды. Қаңғыбас, иесіз ит мысықтарды аулап-жою бойынша 2019 жылдың қаңтар айынан бастап «Келес ауданының мал дәрігерлік қызметі» МКК-ның арнайы автокөлікпен жабдықталған аңшылар жүргізуде. Аулап-жою жұмыстары аудан әкімінің қаулысымен құрылған комиссия құрамындағы ветеринария бөлімінің мамандары, аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының мамандары (СЭС), ауылдық округтердегі ФАП қызметкерлері, жергілікті жерлердегі мал дәрігерлерінің қатысуымен күнделікті фотосуреттері түсіріліп, актілер түзілуде. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру бойынша 2019 жылы 26036 бас ірі қара мал, 201214 бас уақ мал, 4059 бас жылқы, 43 бас түйе, 18 бас шошқа төлдерін бірдейлендіру жоспарланып, бүгінгі таңға 6341 бас ірі қара мал сырғаланып, 24,3%-ға, 194916 бас уақ мал сырғаланып, 96,8%-ға, 3074 бас жылқы бірдейленіп, 75,7%-ға орындалып, жұмыстар күнделікті бақылауға алынып жалғасуда.
Бөлім тарапынан энзоотияға (кенеге) қарсы атқарылған жұмыстар да ауқымды. Күз мезгіліндегі кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарының жоспарына сәйкес 76692 бас ірі қара, жылқы, түйеге – бүрку, 273993 бас уақ малдарды – тоғыту, 1716000 шаршы метр үй іргелік қора жайлары мен оған жапсарлас аумақтары және 712300 шаршы метр буферлік аумақтарын (мал иірімдері, малдар жүретін жолдар, суаттар айналасы) залалсыздандырудан өткізу жоспарланып, бүгінгі таңға заласыздандыру жұмыстары толығымен орындалды.
Ветеринариялық нысандар туралы. Аудан бойынша 26 уақ мал тоғыту орны, 8 өлексе тастайтын шұңқыр, 1 мал сою бекеті, 3 мал базар бар. Сонымен қатар бүгінгі күнге Қошқарата және Ошақты ауылдық округтерінде 2 дана ірі қара малдарды бүрку орнымен қатарлас орналасқан уақ мал тоғыту орындарының құрылысы және Жүзімдік, Ошақты, Ұшқын ауылдық округтерінде мал өлексесін тастайтын 3 дана шұңқырдың құрылысы жүріп жатыр. Ағымдағы жылы қолданысқа беру жоспарлануда.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.