«Жарылыс болғанда үйден түк қалмаған еді, бәрі қирап біткен болатын. Елден қашып, Шымкентке бардық... Көмек берілді, бүгін міне, үй беріп жатыр» - дейді Арыс қаласының тұрғыны Күләш Кенжебекова. Кенжебековтер отбасында 10-ға тарта адам тұрады. Күләш әже 6 немересі, келін-баласымен бірге апат орын алған күннен бастап ағайын-туыстың үйін паналаған. Жаңа үй салып беруді қолға алған Ақтөбе облысының мамандары айналасы 2 айда қоныс тойын тойлауға ықпал етті.
Мердігер мекеме Кенжебековтердің үйінен басқа, 10 шаңыраққа күрделі, 20-ға тарта баспанаға ағымдағы жөндеу жүргізген. Құрылыс басында 70 азамат күні-түні еңбек етті. «Бұл үй кешігіп берілді. Себебі, құжаттары дұрыс болмады. Сол үшін, мына тұрғындар қуанып отыр. Бізге де қуаныш, осы елім, жерім деп еңбек етіп отырмыз» - дейді құрылыс компаниясының директоры Даниярбек Гүлбағаров. Айтып өтейік, Ақтөбе облысының құрылысшылары Арыста 560 үйге күрделі жөндеу жүргізген. Оның 2-еуі жаңадан салынды. Бұл жұмысқа 86 миллион теңге көлемінде қаржы жұмсалған.
«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»