Керуенді Жамбыл облысының шекарасынан Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Е.Күзембаев және аудандық мәслихат хатшысы С.Сейсенбаев бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері мен аудан тұрғындары қуана күтіп алып, қонақжайлылықтарын көрсетті. Сондай-ақ, Жетісу өңірінен келген қонақтар шекарада орналасқан стелланы аралап, облыс аумағындағы барлық ауданның төлқұжаттарымен танысты.
Ағымдағы жылы «Рухани керуен» жобасының ІІІ-ші кезеңі 6 бағыт бойынша Алматы облысының 11 ауданының шекара аймақтарын қамтыды. Биылғы жылы «Рухани керуен» жобасының арнасы кеңейтіліп, «Жер жәннаты – Жетісу жерінен Түркі халықтарының киелі мекені – Түркістан өңіріне» сапар шегу жоспарланды. Жобаның мақсаты: Қазақстан халқының дәстүрлі рухани мәдениетін елімізде ілгерілету, мемлекетіміздің рухани тірегі болған асыл дініміздің жалпыға ортақ адамгершілік қағидаларын дәріптеу.
Сапардың мақсаты: Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, әріптестік байланысты нығайту, салт-дәстүрлеріміз бен тағылымы мол тарихымызды дәріптеу, оларды қастерлеу болып табылады. Шара барысында аудандық мәдениет бөлімінің қызметкерлері тарапынан патриоттық тұрғыдағы әндер орындалып, қонақтарға Түлкібастың алмасы мен әр түрлі тағамдар ұсынылды.
«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»