Бұл үй аудан әкімі Н.Тұрашбековтың тікелей бастамасымен демеушілер есебінен іске асқан. Ешкім де Еңбек Ері болып тумайды. Абырой да, құрмет те еңбекпен келеді. Әркім – өз дәуірінің перзенті. Өз заманының талабына өзінше үн қосады, еңбегін арнайды.Халқының бақыты үшін күндіз-түні тынбай, елге қызмет еткен Мекемтас Мырзахметұлы бақытын ғылымнан тапқан азамат. Мекемтас ағамыз қазақ ғылымының дамуына, әдебиетіміздің өркендеуіне елеулі үлес қосты. Ағамыздың жазған ғылыми және тарихи еңбектері еліміздің дамуына септігін тигізіп, тәрбиелеген шәкірттері республиканың барлық аймағында жемісті еңбек етуде.
Сонымен қатар, өткен жылы ағамыздың тоқсан жасқа толған уақытында жерлес жазушысы М.Байғұт жазған «Іштарлық пен құштарлық» атты кітабын шығаруға аудан әкімдігі атсалысып, тарту етті. Енді міне тамаша тұрғын үй де белгілі ғалымға тарту етіліп отыр. Іс шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Н.Тұрашбеков, Түркістан облысының ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұлов бастаған облыстың әр ауданынан келген зиялы қауым өкілдері еліміздің ғылым саласына өлшеусіз үлес қосқан Мекемтас Мырзахметұлына ізгі тілектерін білдіріп, үй кілтін табыстады. Демеушілер есебінен 8 млн. теңгеден асқан үй 5 бөлмеден тұрады. Шығармашылық үйдің құрылысы барысында заманауи талаптардың барлығы ескерілген. Сондай-ақ, үй іргелік аумағы да толығымен қоршалып, абаттандырылған.
«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»