Рухани сапар Ахмет Яссауидің әкесі, Сайрамның солтүстік-шығысында орын тепкен- Ибрагим ата кесенесінен басталып, Ибрагим ата кесенесінен соң XIX ғасырда бой көтерген Қарашаш ана кесенесіне бет алды. Күн түс ауа мұсылман қауымы үшін киелі орын, Алаш жұртының зиярат ететін қасиетті мекені Арыстан бабтың кесенесiне ат басын тiредi. Рухани сапар барысында кесене жанындағы емдеу қасиеті бар құдықтан су ішіп, Арыстан баб бабаның тарихымен танысты. Діттеген жерге шаршамай жеткен зияратшылар арнайы мал шалып, баба рухына құран бағыштады. Мұнымен қоса, Қожа Ахмет Йассауидің кесенесіне тоқтап, құран бағыштады.
Рухани сапардың екінші күні мәңгілік өмір іздеген атаның мұрасы – қобызы ғасырдан ғасырға жететін асыл дүние, оның үні желмен бірге есіп, жан дүниеңді тыныштандырады, рахат сезімге бөлейтін, бір құдіреттің барына еріксіз мойынсұндыратын, тамаша сәулетімен алыстан көрінетін және рухани дүниені сезіндіретін қасиетті орын - Қорқыт ата мемориалды кешенінен басталды. Көпке белгілі Қорқыт атаның бұл кешені еліміздің оңтүстігіндегі Қызылорда облысына қарасты, Қармақшы ауданы, Жосалы атты кенттің солтүстік-батысынан 18 км жерде баба атымен аттас станциядағы төбе үстіне жайғасқан. Арнайы мал шалынып, Қорқыт атаның рухына құран бағыштады. Қорқыт ата мемориалды кешенінде орналасқан Қорқыт ата музейін тамашалады.
Келесі нысан шөлейтті, бұйра құмы бүгіп, көк шаңы көкке көтеріліп, ағаш аттыдан селдіреген сексеуілі ғана бар Сыр сағасында орналасқан бұл бір жұмақ мекен – Сырдария ауданындағы Нағи Ілиясов ауылдық округі болды. Бас қақпасынан енгеннен сымбатты сәулетіне сай жарасымды «шағын қала» жаныңызға жайлылық сыйлайды. Сылдырай аспанға атқан субұрқағы, Лондон төріндегі «Биг-Бен» мұнарасының көшірмесі, «жұмыртқадай» тізілген үйлер, бәрі-бәрі таңдай қақтырмай қоймайды. Мұнда халық қажеттілігінің бәрі қамтылған. Екі мыңнан астам адамның игілігі үшін мәдениет үйі, кітапхана, мейрамхана ауыл орталығына ойластырыла орайлы орналастырылған. Балабақша, дәрігерлік-емдеу амбулатория ғимараты да бар. Қайтар жолда зиярат етушілер Шиелі өңіріндегі «Оқшы ата” мазарында болып, қасиетті топыраққа жерленген қазақтың игі жақсыларының рухына тағзым жасады.
«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»