Вторник, 12 Ноябрь 2019 16:34

Түркістан облысында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау шаралары оңтайландырылады

Түркістан облысында 2020 жылдан бастап мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдайтын портал іске қосылады. Енді мүгедектігі бар азаматтар өзіне қажетті көмекті дәл осы қызмет түрінен емін-еркін алатын болады. Бұл туралы баспасөз брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева мәлімдеді. 

Бүгінде Түркістан облысында 93 мың мүмкіндігі шектеулі азамат есепте тұр. Бұл өңірдегі халық санының 13,4%-ын құрайды. Енді 2020 жылдан бастап мүгедектігі бар азаматтарды қолдау шаралары әлеуметтік қызметтер порталын енгізу арқылы жүргізілетін болады.

«Біздің негізгі мақсатымыз – оларды белсенді қоғам өміріне тарту. Осы мақсатта мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қорғаудың және қолдаудың кешенді шаралары қарастырылып отыр. Оның ішінде жәрдемақылардың 4 түрі (жалпы және кәсіби аурулар, еңбекте мертігу, он алты жасқа дейінгі мүгедек балаларға, бала кезінен бері мүгедек жандар), қызметтер мен оңалту құралдарын, санаторий-курорттық емдеуді, жеке көмекші мен ымдау тілі маманының қызметтерін ұсыну» дейді Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева.

Басқарма басшысының айтуынша, мүгедек жандардың мәселесі бұдан бұлай әлеуметтік қызметтер порталын енгізу арқылы шешілетін болады. Нәтижесінде тауарларға үлкен таңдау, оңалту құралдары мен қызметтер нарығына теңдей қолжетімдік қамтамасыз етілмек.

«5 бизнес-процесстің 2 түрін порталға ауыстыру жоспарланып отыр. Олар: арнаулы әлеуметтік қызметтер және 55 техникалық оңалту құралының ішінен 24 түрімен қамтамасыз ету. 2020 жылдың көктемінен бастап қызметтердің қалған 3 бизнес-процесін портал арқылы алу мүмкіндіктері қарастырылуда (санаторлық-курорттық, жеке көмекшімен ымдау тілі маманының қызметтері)» - дейді Әсия Темірбаева.

Порталды енгізудегі басты ерекшелік  қызмет алушының жеткізушілерімен делдалсыз тікелей өзара әрекеттесуі болып отыр. Енді жүріп-тұруы қиын азаматтар өзін оңалту бағытында пайдаланатын техникалық құралдарына тегін қол жеткізетін болады. Бұл мақсатта қазынадан 7,4 млрд. теңге қаржы бөлініп отыр.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 309 times