Среда, 04 Декабрь 2019 08:18

Төлеби ауданында көшелер жарықтандырылып жатыр

Табиғаты көркем Төлеби ауданы мемлекет тарапынан қолдау тауып, көркейіп келеді. Әсіресе, инфрақұрылым мәселесі оң шешімін табуда. Леңгірдегі көше бойына жаңа бағаналар орнатылып, жарықтандырылып жатыр. Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін аудан бюджетінен қомақты қаржы бөлінген.

Мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде Төлебиде талай тірлік тіктелуде. Әсіресе, инфрақұрылымды дамыту, оның ішінде көшелерді жарықтандыру, электр желілерін жаңғырту сынды жұмыстар жүйелі  жүзеге асуда. Қазір аудан орталығының 8 көшесінде  жаңа бағаналар орнатылып, айнала жап-жарық күйге енді. «Мектеп оқушылары мен балабақшаға баратын балдарымызға қиын деп халық өтініш жасаған. Енді ол қиындық артта қалады» - дейді «Жарық жол» КММ-нің бас инженері Арман Көпжасаров.

Құрылғанына аз уақыт болса да, «Жарық жол» мемлекеттік мекемесі белсенді еңбек етіп келеді. Жауаптылар орталық көшелерден бөлек Теріскей, Оқжетпес және Әйтеке би көшелерін де жарықпен қамтамасыз етті. Тұрғындардың алғыстан өзге айтары жоқ. Өйткені, осы уақытқа дейін аталған өзекті мәселелер шешімін таппай келген. Әсіресе, мектеп оқушылары мен қарттардың көшеде емін-еркін жүріп-тұруына ыңғайлы болды деп қуанады ел. Жыл соңына дейін Тасарық және Диқанкөл елдімекендерінің көшелеріне де бағаналар орнатылып, жарықшамдар қойылмақ. Халықтың тұрмыс-тіршілігіне әр берген игі істің жүзеге асуы - ел экономикасының шарықтап дамуының дәлелі.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Read 424 times