Пятница, 06 Декабрь 2019 15:17

Түркістан: Бәйдібек ауданында шаруашылығы өркендеген ауыл округі бар

Бәйдібек ауданындағы Ағыбет ауыл округі – ынтымағы мен ырысы жарасқан мекен. Өңір тұрғындары қаншама жылдан бері атадан қалған мал мен егін шаруашылығын дамытып отыр. Жыл сайын жоспарды артығымен орындайтын округ, биыл да сол межеден көрінді.

Ағыбет ауыл округі экономикасының негізін ауыл шаруашылығы құрайды. Осы саланың күре тамырына қан жүгірткен шаруалардың жеткен жетістіктері де салмақты. Аудан арасында алғы шептен көрініп, жыл сайын түрлі марапаттарға да ие болып келеді. Бүгінде бұл мекенде 60 шаруа қожалығы мен 22 өндірістік кооператив бар. Мекемелер ауылдың өсіп-өркендеуіне үлес қосып қана қоймай, тұрғындардың біразын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. «Біздің шаруашылықта 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жаз мезгілінде 50-ден астам адам қызмет етеді. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отқан жайымыз бар. Айлықтары да жақсы, тұрақты» - дейді шаруа қожалығының  директоры Ерболат Мырзабеков.

Ағыбеттегі медицина саласында да мардымды істер көп. Осы жылы Алғабас елді мекенінде жаңа медициналық тірек ғимаратының құрылысы біткен. Сондай-ақ, өңірдің білім саласына қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстар да пәрменді. Округ бойынша 2 жалпы орта мектеп, бір бастауыш білім ордасы мен 2 балабақша жұмыс істейді. Түлектер Ұлттық бірыңғай тест тапсыруда алдыңғы қатардан көрініп келеді. Ал, округке қарасты Жаңаталап елді мекенінде  жаңа мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Округке қарасты елді мекендерге баратын жолдардың басым бөлігі мен ауыл ішіндегі көшелер мемлекеттік бағдарламалар аясында жөндеу жұмыстарынан өтуде. Ал, бірнеше көшелерге асфальт салу жөнінде басшылыққа ұсыныс жолданған. Бұл туралы өңір тұрғындарымен өткен басқосуда округ әкімі мәлімдеп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Айта кетерлігі, Ағыбет ауыл округінің жастары да өңірдің өркендеуіне сүбелі үлес қосып келеді. Тұрғындардың демеушілігі есебінен ойын алаңшалары салынып, ел игілігіне пайдалануға берілген.

AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Read 575 times