Вторник, 26 Ноябрь 2019 08:41

Түркістан облысында «Бақытты отбасы» бағдарламасын іске асыру жалғасын тауып жатыр

Егер Сіз өзіңіз тұратын аймақтағы әкімдікте тұрғын үй кезегінде тұрсаңыз және қолыңызда әкімдіктің жолдамасы болса, онда Сіз Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің бөлімшелерінде «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша несиелік өтініміңізді жасай аласыз. Жаңа әлеуметтік бағдарламаға көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар мен кәмелет жасына толмаған балалары бар толық емес отбасылар қатыса алады. 

Несие сомасының 10 пайызы көлеміндегі алғашқы жарна болған жағдайда, оларға несие жылдық 2% мөлшерлемемен беріле бастайды. Займ мерзімі - 20 жылға дейін. «Бақытты отбасы» бағдарламасының көмегімен жаңа және қолданыстағы үйден пәтер немесе жер үй сатып алуға болады. Жылжымайтын мүлікті несие алушы тұрғын үй кезегінде тұрған аймақта ғана сатып ала алады.

«Бақытты отбасы» әлеуметтік бағдарламасына қатысу үшін қажетті шарттар:

 Әкімдікте тіркеуде тұру және отбасы мәртебесін растайтын жолдама алу.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің кез келген бөлімшесінде тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы келісімшартқа отыру немесе кеңесшіні үйге шақыру.

 Банкте төлем қабілеттігін бағалаудан өту.

Тұрғын үйді таңдау және займ беруге банк мақұлдамасын алу. 

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің есепшотына бастапқы жарнаны (займ сомасының 10%) құю.

Нотариуста жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату келісімшартын рәсімдеу.

Займды алу және жаңа баспанаға көшіп бару.

Толығырақ ақпаратты «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Шымкент қаласы филиалынан немесе @zhilstroy_shymkent_ парақшасынан біле аласыздар. Мекенжайы: Шымкент қаласы, Қ.Рысқұлбеков көшесі, 3 Г.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 387 times