Среда, 27 Ноябрь 2019 13:47

Түркістан облысы: Отырарлық баспаналарға мердігер компания жөндеу жұмыстарын бастапты

Отырар ауданында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай берілген көпқабатты тұрғын үйлердің қабырғасы үш жылдың ішінде сөгіліп жатыр. Отырар ауданында «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында пайдалануға берілген пәтердің қабырғалары өздігінен қирап жатқандығын пәтер иелері айтып өз наразылықтарын білдіруде. 

"Астымыздағы бірінші қабаттағы пәтердің қабырғасы сөгіліп, бетоны құлайды ма деп, үреймен таңды зорға аттырамыз. Жөндеп салмаған болуы керек. Бөлінген ақшаны жеп қойып, әйтеуір тұрғызды ма, тұрғызды болған да", - дейді осы үйдің тұрғыны Гүлшат Барлыбаева. Бірінші қабаттағы пәтерді қазір құрылысшылар бұзып тастаған. Бөлмеаралық қарбырғалар түгелі қираған. Жертөлесі әрі бетон төсеніші жоқ үйдің бірінші қабатында топырақ үстіне жұқа бетон құйыла салынғанын айтады жұрт. Ал билік «бәріне кінәлі тұрғындардың өзі» дейді. "Құбырлары қоқысқа толған. Сосын оны тұрғындар шұқыған, ол жарылған. Жарылған соң бірте-бірте астына су кетіп, аралық қабырғалар отырған", - дейді Отырар аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі Сәулет Мәуленқұлов. Алайда бұл көрсетулермен тұрғындар мүлдем келіспей отыр. «Билік үй сапасының нашарлығын мойындамай отыр» - деп есептейді. «Бір пәтер құбырдан бола қойсын, үш қабатты үйдің басқа пәтерлері мен былтырғы жарылған басқа үй ше?» деген сұраққа жауап жоқ» дейді. Кепіл мерзіміне сай мердігер компания "Алаш Тараз" ЖШС қабырғаларға жөндеу жұмыстарын бастапты, бірақ халық ол жөндеудің үш айдан ары аспайтынын айтады.

Еске сала кетейік, Отырар ауданында «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында салынған үйлер 2016 жылы пайдалануға берілген болатын. Пайдалануға берілгеніне 1 жыл толмай жатып, екі пәтердің арасын жалғайтын дуалдар сыр беріп, жарыла бастаған еді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 396 times