Шұбарсу ауылының жер көлемі 1752 гектарды құрайды. 30 мыңға жуық халқы болса, оның 3 мыңы тек жаз мезгілінде саяжайына демалуға келіп-кетушілер екен. Ауылда мектеп жасындағы 9860 оқушы бар. 5 жалпы орта, 1 бастауыш мектеп жұмыс істейді. Ауылдағы бала санының артуына байланысты білім ұясының тапшылығын шешу мақсатында былтыр 600 орындық мектеп салынып, ел игілігіне берілген.
Шұбарсу ауылы 2000 жылға дейін Шымкент қаласына қарасты саяжай ретінде тіркелген-ді. Одан кейінгі бес жылда Шұбар ауылдық округіне қараған. 2005 жылы дербес ауыл ретінде тіркелді. Қазір Ордабасы ауданындағы ең ірі елді мекендердің бірі. «Шымкент қаласына жақын орналасқандықтан, халық саны да күн санап артып келеді. Сондықтан инфрақұрылымды жетілдіру кезек күттірмес мәселе», - дейді билік өкілдері.
«Жалпы, облыстық бюджет тарапынан 799 млн. теңге бөлініп, соған 2800 абонентті сапалы электр энергиясымен қамтылып жатыр. Негізінде ауыл көлемі үлкен болғандықтан, екі кезеңге бөлген болатынбыз» – дейді Шұбарсу ауылдық округінің әкімі Әнуаржан Тұрсынбаев.
Елімізде ауыл-аймақтарды дамыту мен көркейтуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Шұбарсудың әлеуеті жоғары. Оған қоса кентте ата жұртқа қоныс аударған қандастарымыз көбірек жайғасқан. 1528 отбасыға атаулы әлеуметтік жәрдемақы тағайындалған. Сондай-ақ ауылда мемлекеттік бағдарламалар есебінен жеке кәсібін ашып, ісін өрге домалатушы азаматтар саны да артып отыр.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.