Четверг, 31 Май 2018 18:55

Шымкенттегі әуенді субұрқақ іске қосылып, қала тұрғындарын қуантып тастады

Шымкенттің әкімшілік іскерлік орталығындағы әуенді субұрқақты жөндеу жұмыстары аяқталды. Таяуда бұл нысанға жауапты «Жасыл қала» мекемесі ұрланған электр желілерінің орнына жаңасын орнатып, жөндеу жұмыстарын жүргізген болатын. Соның арқасында субұрқақ бейсенбі күні, яғни 31 мамырда іске қосылып отыр. Іске қосылып қана қоймай, әуезді әуені тынығушыларға қуаныш сыйлауда.

Күн ұясына бата бастасымен Шымкенттің әкімшілік-іскерлік орталығының алаңында тіршілік қыза түседі. Субұрқақтың жанында жағымды әуенмен жергілікті балалар ойынның қызығына батады. Коньки теуіп, скейтбордпен сырғанап, велосипед тебеді. Ата-аналары болса әуеннің ырғаымен сызылта билеген субұрқақты тамашалап тұрады.  «Біз бұл жерге алғаш келуіміз, өте әдемі екен. Бізге әсіресе субұрқақтың әуеннің ырғағымен билеуі қатты ұнады», - дейді Шымкент тұрғыны.

Субұрқақты қыстыгүні вандалдар бір емес екі рет қиратып кеткен болатын. 850 метрдей электр сымдарын ұрлап, 600 мың теңге шығын келтірген болатын. Енді мұндай сорақылықты болдырмас үшін «Жасыл қала» МКК үш жерден бейнебақылау камераларын орнатыпты.

«AQ-QARA.KZ - ақпарат»

Read 1462 times