Воскресенье, 07 Октябрь 2018 10:04

Түркістан облысы: Отырарға «Ұлт рухы» жобасы аясында қоғамдық делегация өкілдері келді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында «Айғақ» телеарнасы қолға алған «Ұлт рухы» жобасы аясында Түркістан облысында арнайы құрылған қоғамдық делегация өкілдері Отырар ауданына келді.

Еліміздің киелі, қасиетті жерлерін аралап, ішкі туризмді кеңінен насихаттауды мақсат тұтқан делегация құрамында «Айғақ» телерадио компаниясының Бас директоры Дулат Әбіш, Елбасының курстасы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Аманәлі Әбдіраманов және де құрамында академик, ғылым докторлары, елімізге еңбегі сіңген суретшілер, дін өкілдері, Шымкент қаласының Құрметті азаматтары бар мәртебелі меймандарды Отырар мемлекеттік археологиялық-қорық музейінде аудан әкімі Ерлан Айтаханов өзі күтіп алып, биылғы жылы күрделі жөндеуден өтіп, заманауи үлгіде қайта жабдықталған мұражай жәдігерлерімен жан-жақты таныстырды. Мұнан соң Отырар төбеге атбасын бұрған құрметті қонақтар көне шаһардың өткені мен бүгіні жөнінде құнды мағлұматтар алды.

Елбасымыздың тапсырмасына сай өңірдегі туризм кластерін дамыту мақсатында Отырар төбе мен Арыстанбаб кесенесі төңірегіндегі қызу жүргізіліп жатқан көріктендіру, абаттандыру және құрылыс жұмыстарымен арнайы стенд арқылы делегация мүшелеріне таныстырған аудан басшысы алдағы уақытта кәсіпкерлерді тарта отырып, келген туристердің көңілінен шығатын ұтымды жобаларды жүзеге асыра беретіндігін атап өтті.
Бабтардың бабы Арыстанбаб кесенесіне зиярат жасап, бабалар рухына Құран бағыштаған мәртебелі меймандарға аудан әкімі Ерлан Қуанышұлы қазақи дәстүрге сай Отырар ауданының тарихы мен шежіресінен сыр шертетін тарихи құнды кітаптарды делегация мүшелеріне тарту етіп, олардың одан әрі жалғасатын сапарларына сәттілік тіледі.

 «AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Read 881 times