Воскресенье, 11 Ноябрь 2018 11:54

Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төртінші пленумы өтті

Түркістанда облыстық ардагерлер кеңесінің кезектен тыс төртінші Пленумы өтті. Онда кеңес мүшелері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кезекті Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асыру жайын талқылады. Сонымен қатар жиында бірнеше мәселе бойынша шешім қабылданды. Ардагерлер «Елбасы жолдауы – Халықтың әл-ауқатын арттыруға негіз» деп аталатын үндеу жариялады. 

Елбасы Жолдауы – тек бір топтың ғана емес, күллі қоғамның дамуына жол ашқан құнды құжат. Себебі онда Президент әрбір саланың дамуына дем беру үшін тиісті деңгейде талап қойды. Ол үшін Үкіметке де тапсырма берді. Енді елдегі кейбір саланың дамуы үшін арнайы заң қабылданады. Жолдауда айтылған алты бағытты жүзеге асыру үшін мемлекеттен қажетті қаржы қаралады. Ал оның жүзеге асуына әрбір азамат түгелдей атсалысуы керек. Кезектен тыс пленумға жиналған кеңес мүшелері осындай бастама көтеріп арнайы бағдарлама бекітті.

«Экономика және әлеует» деген тақырыпта 2019 жылы елдімекендерді аралай отырып, елде, облысымызда болып жатқан жақсы тіршіліктердің барлығын елге жеткізе отырып, оларды жұмылдыру олардың бойына үлкен сенімді орнату мақсатында жұмыстар жүргізілетін болады» дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасыЖеңісбек Мәуленқұлов.

Сондай-ақжиында кеңес мүшелері жеке-жеке баяндама жасап, өз ойларын ортаға салды. Солардың бірі Кенжехан Төлебаев. «Келер жылдың қаңтар айынан бастап мектептердегі техникалық жұмыстардың бәрін аутсорсингтік мекемелерге бөліп беру. Яғни коммуналдық жұмыстардың барлығын сол мекемелер жұмыс істеп, ол жердегі тиісті мамандардың барлығын сол мекемелер жұмысқа алатын болады. Сөйтіп, мектеп директорынан бастап барлық мұғалімдер тек бала тәрбиесімен, балаға сапалы білім берумен айналысатын болады» дейді ол.

Жолдау жайын талқылаған жиын соңындаарнайы үндеу жарияланып, оны облыс бойынша тарту үшін арнайы топ мүшелері бекітілді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 656 times