Суббота, 17 Ноябрь 2018 08:04

Түлкібаста «Бюджеттік процестер мен жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігін басқару» атты семинар өтті

15 қараша күні Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Шымкент қаласы бойынша филиалы Түркістан облысы Түлкібас ауданы әкімінің қолдауымен Тұрар Рысқұлов кентінде «Бюджеттік процестер мен жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігін басқару» семинарын ұйымдастырды. Семинарды Түлкібас ауданының әкімі Тұрашбеков Нұрбол Әбдісаттарұлы ашып берді. Қазақстан Республикасы Президентінің «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамның» 98 қадамы жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетінің енгізілуі бойынша ауданда атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндаған Нұрбол Әбдісаттарұлы оқуға келген қатысушыларға семинардың нәтижелі өтуіне тілегін білдірді.

Семинарға Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Мемлекеттік активтерді басқару саясаты департаменті Мемлекеттік активтерді басқару саясаты басқармасының басшысы Абылкасымов Нурман Туреханұлы, Өңірлерді талдау және бағалау департаменті Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту басқармасының бас сарапшысы Иманбаев Миржан Байдосұлы, Қазақстан Республикасындағы БҰҰ Даму бағдарламасының жобалар менеджері Идиятов Эльдар Кайржанұлы қатысты. Түлкібас ауданының ауыл, кент, ауылдық округтер әкімі аппараттарының 15 әкімі мен 55 қызметкерлеріне Түркістан облысының қаржы басқармасы қоғамдық тәртіп, қорғаныс, мемлекеттік органдарды мониторинг жасау бөлімінің басшысы Омаров Қуатбек Асанұлы, коммуналдық меншікті басқару бөлімінің басшысы Байғон Танат Жамбылұлы, Түркістан облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы басшысының орынбасары Альтеев Дастан Балгынбекұлы, Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімінің кеңесшісі Адилбаев Мелдебек Мырзаұлы интерактивті сабақтар өткізді.

Бюджет түсімдері мен шығыстарын болжау, қарау, нақтылау және бекіту, мемлекеттік сатып алуларды жүргізу тәртібі, әкімшілік айыппұлдарды салу тәртібі, жергілікті өзін-өзі басқарудағы коммуналдық меншікті басқарудың негізгі мәселелері бойынша қойылған сұрақтарға жауап алған қатысушылар мұндай тәжірибелік бағытта ұйымдастырылған оқытудың тиімділігін және алдағы уақытта жиі ұйымдастырылуы қажет екендігін атап айтты.  Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі және Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен бірлесіп ағымдағы жылдың тамыз-желтоқсан айларында еліміздің 14 облысында жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігі енгізілген жергілікті атқарушы органдардың 700 мемлекеттік қызметшілеріне практикалық семинарлар өткізілуде.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Read 854 times