Екі күнге жалғасатын экскурсияның, ең алдымен, Түркістанда өту мақсаты - отандастарға Қожа Ахмет Йассауи, Арыстан Баб кесенелері, Түркістанның тарихи мұражайы және өңірдің басқа да көрікті жерлерін таныстыру арқылы қазақ халқының мәдени және рухани құндылықтарын насихаттау. Барша түркі жұртының Атажұртына келген қандастардың қадамына құт тілеп, зор құрметпен қарсы алған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев осынау маңызды кездесудің Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында ұйымдастырылып жатқанын айтып, қатысушыларды Түркістанды түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру жөнінде нақты міндеті бүгінгі таңда қалай жүзеге асырылып жатқанынан хабардар етті.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2018 жылы облыста 46 жоба мен 168 іс-шара белгіленіп, өткізілуде. «ТУҒАН ЖЕР» арнайы жобасының «АТАМЕКЕН» КІШІ БАҒДАРЛАМАСЫ шеңберінде Түркістан облысында 2018 жылы 28 млрд. 156 млн.теңгенің жобалары, яғни, 428 нысан (облыс бөлінгенге дейін барлығы 445 нысан) жүзеге асуда, оның ішінде құны 887,2 млн. теңге құрайтын 23 нысан іске қосылды. Бағдарламада қойылып отырған басты мәселелердің бірі – адамды білімді, әрі рухани бай етіп тәрбиелеу. Осы мақсатқа бағытталған «ТӘРБИЕ ЖӘНЕ БІЛІМ» КІШІ БАҒДАРЛАМАСЫ аясында өлкенің тарихын кеңінен тану, зерттеу мақсатында 5,6,7 сыныптарға арналған «Өлкетану» оқулығын баспадан шығаруға жергілікті бюджеттен 153 млн. теңге қаралып, 50 мың данамен шығаруға баспаға жіберілді. Бағдарламаға орай, қасиетті жерлердің тізімін қалыптастыруға ұсыныстар әзірлейтін тарихшылар, ғалымдар, археологтардан тұратын арнайы өңірлік жұмысшы тобы құрылып, облысымыздағы қасиетті, киелі нысандардың тізімі іріктеліп, өңірлік карта жобасы дайындалды» - деді өңір басшысы.
Қ.А.Яасауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Қазақстанның киелі жерлері» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде әкім, сондай-ақ, облыс тарапынан «Қасиетті Қазақстан» республикалық орталығына 104 нысан ұсынылып, оның ішінен 26 нысан республикалық тізімге енгізілгенін жеткізді. Сонымен қатар, «ҚАЗАҚСТАННЫҢ КИЕЛІ ЖЕРЛЕРІ» арнайы жобасы аясында атқарылып жатқан істерге тоқталып, жалпы бағдарламалық мақаланың барлық міндеттері бойынша облысымызда атқарылған істерді айтып өтті. Мұнан бөлек, жүздесуде «Отандастар қоры» КЕАҚ Президенті Нұртай Әбіқаев, «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Болатбек Абдрасилов, ҚР Ұлттық музейінің «Қасиетті Қазақстан" орталығы басшысының орынбасары Батырхан Жұмабаев, Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шауеевтар және шет елдік диаспора өкілдірі сөз сөйлеп, бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталды.
«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»