Воскресенье, 25 Ноябрь 2018 05:45

Түркістан облысында «дәстүрлі құндылықтар керуені» көшпелі жиыны өтіп жатыр

Түркістан облысының аудан, қалаларында облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың арнайы тапсырмасына сәйкес, халыққа мәдени, рухани, діни тұрғыда түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында «Дәстүрлі құндылықтар керуені» тақырыбындағы көшпелі жиындар өтіп жатыр. Бүгінге дейін өңіріміздің Арыс қаласы мен Сарыағаш, Мақтаарал, Жетісай, Келес, Шардара, Қазығұрт жəне Төлеби аудандарында ұйымдастырылған шараға облысымызға танымал дінтанушы-теологтар, беделді спортшылар, мәдениет майталмандары мен зиялы қауым өкілдері, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстық филиалдарының  имамдары  және өзге де сала өкілдері қатысты.

Мәселен, Арыс қаласында өткен жиынды қала әкімінің орынбасары Рысдәулет Айтбаев жүргізіп, шаһардағы діни ахуал жайлы кеңінен айтып берді. Айтуынша, бүгінгі таңда Арыста «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» қабылданған Заңға сәйкес тіркеліп жұмыс істеп жатқан діни конфессиялардың жалпы саны – 2. Олар: Исламдық және Христиандық бағытта. Қала аумағындағы діни бірлестіктер мен филиалдар – 27. Оның ішінде: 1-приход («Шымкент қаласының Арыс қаласындағы Божией Матери қазан иконасы приходы» жергілікті православиелік діни бірлестігі) православтық бағытта болса, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына қарасты 26 мешіт жұмыс істейді. Олардың барлығымен тығыз байланыс орнатылған. Жалпы алғанда, қала аумағында діни ахуал тұрақты. 

«Дәстүрлі құндылықтарға қарт адамдардың жас отбасыға берген ақыл-кеңестері жатады. Әр отбасыда бұл құндылықтар әр түрлі. Олардың ұқсас жақтары да бар. Кез келген отбасыда дінді сақтап, некені бұзбау, ұрпақ жалғастырып, бала тәрбиелеу сынды ортақ дәстүрлі отбасылық құндылықтар қалыптасқан. Әрбір отбасының басты мақсаты бақытты ғұмыр кешу болып табылады. Бақытты отбасын құру бірінші кезекте жас жұбайлардың тәрбиесіне тікелей байланысты. «Балапан ұясында не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп қазақ халқы отбасы тəрбиесіне айрықша мəн берген. Мемлекеттің басты міндеті мен мақсаты да осы дәстүрлі құндылықтарымызды сақтап, өскелең ұрпаққа ізгілік жолын дəріптеу. Сол міндетімізді орындау мақсатында аталған керуенді ұйымдастырып, пікір алмасуға келіп отырған азаматтарға алғысымды білдіремін», - деді қала әкімінің орынбасары.

Жергілікті халықпен кездесуде Түркістан облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің директорының орынбасары Мəди Бесбаев, Түркістан облысы дін істері басқармасы, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің бөлім басшысы Дәлелхан Оспанов, Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, Халық шығармашылығы орталығының бөлім басшысы Шолпан Мамытханова, Арыс қаласының «Ырыс алды-ынтымақ» қоғамдық форумының хатшысы, кәсіби емес медиатор, қаланың құрметті азаматы Қоныс Балқыбеков,  қалалық Жанар Байғуттиева атындағы өнер мектебі директорының орынбасары Темірхан  Әбдіковтер сөз алып, басқосудың маңыздылығына тоқталды. Жиынға қатысушылар тарапынан баяндамашыларға сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар алынды.Қараша айының 19-нан бастау алған шара 29 қарашаға дейін жалғасады.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Read 593 times