Суббота, 01 Декабрь 2018 10:06

Түркістан қаласында ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай мерекелік іс-шара өтті

Түркістан қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Оған түрлі салада қызмет атқаратын облыс тұрғындары, мәслихат депутаттары, басқарма басшылары, қоғамдық ұйымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Алдымен Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың фойесінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған көрме ұйымдастырылды. Көрмеде Елбасымыздың қоғамдық және саяси қызметінен сыр шертетін құнды фотосуреттер мен деректер қойылған.

Мұнан соң жиылған көпшілік салтанатты жиынды тамашалады. Басқосуда Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жұртшылықты мерекемен құттықтап, Елбасының батыл бастамалары мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы жөнінде баяндама жасады. «Баршаңызды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтаймын. Биыл бұл мерекені жаңа облыс орталығында, яғни, Түркістан қаласында алғаш рет атап өтудеміз. Бұл да тарихи сәт. Түркістанымыз көркейіп, киелі шаһардың жылнамасы жарқын оқиғалармен толығып жатыр. Бүгінде Қазақстан Елбасымыздың сарабдал саясатының нәтижесінде бейбітшілік пен келісімнің, бірлік пен татулықтың мекеніне айналды. Ұлт көшбасшысының көрегендігі мен саяси қайраткерлігін бүкіл ел біледі және құрметтейді. Міне, елдің ыстық ықыласының нәтижесінде бірнеше жылдан бері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні аталып өтіп жүр. Бұл ел перзентіне, Ұлт көшбасшысына берілген әділ баға және лайықты құрмет!», — деген облыс әкімі бір топ азаматқа «Астана 20 жыл» мерекелік медалі мен облыс әкімінің Алғыс хатын тапсырды.

 Салтанатты шара мерекелік концертпен өрнектелді. Сахна төрінде Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония мен облыстық опера және балет театрының өнерпаздары өнер көрсетті. Сонымен бірге, «Тұмар», «Би сұлтан», «Болашақ» топтары өнер көрсетсе, Қ.Қасымова, А.Әбілдаева, Ж.Тұрғанбек, Т.Әлменов және өзге де жезтаңдай әншілер Отан тақырыбындағы әндерді шырқап, жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Read 511 times