Пятница, 07 Декабрь 2018 16:23

Өз баспаханасы бар аудандық газетті іздесеңіз, Түлкібасқа келіңіз

Құдайшылығын айту керек қой, құрылтайшылары аудан-қала әкімдіктері саналатын және сол жергілікті биліктің ақпараттық саясатын жүргізіп отырған басылымдардың ішінде басыбайлы баспахана тұрмақ баспанаға зәрулері де баршылық. Өзінің ғимараты болмаған соң, талай редакция ұжымының көшіп-қонуға мәжбүр екенін көзіміз көріп жүр. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйық, бірақ терең тарихы бар кейбір газеттер әбден тозығы жеткен нысанның бөлмелерін жалдап немесе әкімдіктің бір ғимаратының бұрышын сағалап, оқырманға жол тартып келеді. Ал Түлкібас ауданының «Шамшырақ» қоғамдық-саяси газетін бағы жанғандардың қатарына ұялмай-ақ қосар едік. 

Іргетасы сонау 1931 жылы «Социалистік егінші» боп қаланған бұл басылымның қашаннан-ақ «өз үйі – өлең төсегі» бар. Тек біраздан бері жөндеу көрмей, іші-сырты, төңірегі жүдеңкіреп тұратын. «Мылтықтың басуына құланның қасуы» дөп келді ме, кім білсін, әйтеуір, былтыр көктемнің алғашқы күнінде Түлкібас ауданының тізгінін Нұрбол Тұрашбеков алып, ал қараша айында аудан айнасы – «Шамшырақтың» басшылығына Марат Қалтаев келгелі, оң өзгерістерді байқай бастадық. Биыл газет ғимараты заманға лайық, толығымен күрделі жөндеуден өтті. Жиһаздары жаңарды. Материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Айналасы қоршалды. Ауласы көріктендірілді. Көгалдандырылды. Тіпті редакцияға жиі ат ізін салып тұратын қалам ұстаған ағайындар тізе бүгіп, емін-еркін шүйіркелесетін жаздық «беседкаға» шейін ойластырылыпты. Сүйсіндік. Игі тірлікке. Әйтсе де газеттің директор-бас редакторының игілікке ұмтылысы мұнымен бәсеңдемейтін сияқты. «Біздің ғимаратымыздың артқы жағында әжептәуір жер бар, келер жылы, сәтін салса, сол аумақты өзіміз тынығып, бір сәт сергитін шағын саябаққа айналдыруды жоспарлап отырмыз» дейді. Басылымға басшы болып тағайындалғанға дейін Түлкібас ауданы әкімінің баспасөз хатшысы боп еңбек еткен Марат бауырымыздың сөзінен де, ісінен де газеттің шығармашылық ұжымына жемісті жұмыс істеу үшін қолайлы жағдай жасасам деген ниетін аңғардық. Әдетте кез келген редакцияда басшы-қосшылар ғана жеке-дара отырушы еді ғой, ал «Шамшырақтың» әр журналисіне бір-бір кабинеттен бұйырыпты. Демек, олардың бір-біріне бөгет болмай, келімді-кетімді жұртшылықпен алаңсыз пікірлесуіне, сұхбат құруына мүмкіндік бар.

Сонымен қатар «дөңгелек үстел» форматындағы түрлі кездесулер мен жиындар өткізуге арналған өз баспасөз орталығының болуы да аудандық газетті өзге әріптестерінен ерекшелеп, деңгейін айшықтап тұрғандай.

Әйткенмен «аудандық газеттің өз баспаханасы болады» деген үш ұйықтасақ та, түсімізге кірмепті. «Жақсыны көрмек үшін», аудан әкімінің арнайы шақыруымен бірқатар әріптестерімізбен бірге осы аптаның сәрсенбісінде заман талабына сай жабдықталған сол баспахананың ресми түрде пайдалануға берілуінің куәсі болып қайттық. Алты мыңға жуық оқырманы бар, 12 беттен тұратын, А-3 форматында жарық көретін газеттің сөзі енді өз баспаханасында тасқа басылады. Түрлі-түсті бояумен жұмыс істеуге қабілетті баспаханада 4 маман еңбек етіп жатыр.

Бұл ретте баспахананың аяқ алысымен танысқан журналистер тарапынан оң баға берілгенін де атап өткен жөн. Олар аудандық деңгейде алғаш ашылып отырған баспахананың мән-маңызына тоқталды. Және газет ұжымына жасап отырған осындай қамқорлығы үшін аудан әкіміне алғыс айтты.

Жалпы, Нұрбол Тұрашбековтің сөзіне сенсек, бұл баспаханадан тек «Шамшырақты» ғана емес, ауданның ақын-жазушыларының кітаптарын шығарып, осында тұсауын кесіп, ауданға тарату, таныстыру ісі де жоспарланып отыр екен. Кітап дегеннен шығады, аудандық газет соңғы бір жылда әдебиетсүйер қауымның да жиі-жиі ат басын бұрар ордасына айналыпты. Редакция жанынан «Шабыт» әдеби бірлестігі құрылған. Аталмыш бірлестік бүгінде ауданның жасы бар, жасамысы бар, әдебиетпен «ауырған» әлеуметінің бас қосып, шығармашылық туралы пікір алмасар, сиясы кеппеген кітаптардың тұсауын кесер, мүшайра ұйымдастырар құтты орынға айналып келеді.

Түлкібастағы осындай сүйінші сұрар бастамалар өзге қала-аудандарға да жұғысты болғай! Нұрбол Тұрашбековтің жергілікті журналистерге жағдай жасап, жанашырлық танытуы басқа әкімдерге үлгі боп жатса, қанеки!..

Тұтқабай ЕСЕНБАЙҰЛЫ.

Read 1545 times