Пятница, 14 Декабрь 2018 11:00

Негізгі басымдық: жастар өз болашағын дұрыс жоспарлауы тиіс

Сәрсенбіде Түркістан облысына іссапармен келген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары А.Шайымова Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің студенттерімен кездесті

Кездесудің мақсаты – жастардың рухани және мәдени дамуына серпін беру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Іс-шарада сөз алған Агенттік төрағасының орынбасары «Елбасы Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап білімнің дамуына ерекше көңіл бөлуде, бұл мемлекеттік саясаттың негізгі үстемдігі. Сондай-ақ Президентіміз келесі жылды – Жастар жылы деп жариялады. Жастар үшін барлық бағыттар бойынша неғұрлым қолайлы жағдайлар жасалатын болады. Сондықтан әрқайсыңыз өз мақсаттарыңызды анық көруге және өз болашақтарыңызды дұрыс жоспарлауларыңыз қажет» - деп, жастарға серпін берді. Сонымен бірге Агенттіктің қолдауымен еліміздің жоғары оқу орындарында мемлекеттік қызмет мектептері, студенттерге қызмет көрсету орталықтары ашылып жатқандығы туралы атап өтті.

Жиында Университет ректоры Болатбек Әбдірасылов Агенттік тарапынан  студенттерді қолдау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға өз ризашылығын білдіріп, Университет пен Агенттіктің аумақтық департаменті  өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтып өтті.

  Жиын соңында студенттер өздерін қызықтыратын бірнеше сұрақтар қойып, оларға тиісті жауаптар алды. Естелік суретке түсті.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 1479 times