Алдымен «Отырар» шағынауданында болып, әкімшілік-іскерлік орталықта бой көтеріп жатқан нысандарды аралап көрді. ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасарына Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев облыс орталығын инфрақұрылыммен қамту жоспарын таныстырды. Түркістан қаласының инженерлік инфрақұрылымы қазіргі таңда салынып жатқан әкімшілік-іскерлік орталығының 270 гектар және рухани-мәдени орталығының 98 гектар аумағын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 2018 жылы Түркістан қаласында 20 мың абонент газбен қамтамасыз етіліп, қамту деңгейі 58 пайызға жететін болады.
Сондай-ақ астаналық делегация «Әзірет-сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорығына аялдады. Онда Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңынан салынатын тарихи архитектуралық жобалардың нобайымен танысты. Аталған аумақтағы 98 гектар жерге рухани және мәдени орталық салынатын болады.
Мұнан соң Түркістан қаласын дамытуға арналған жиын өткізілді. Алқалыбасқосуға ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, ҚР Қоғамдық даму министрі Д.Қалетаев, ҚР Энегетика министрінің орынбасары М.Мырзағалиев, өзге де министрлік өкілдері мен ұлттық компания басшылары, Түркістан облысының әкімі Ж.Түймебаев және облыстағы жауапты шенеуніктер қатысты.
Жиында алғаш болып сөз алған өңір басшысы алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобаларды таныстырды.
«Елбасының тапсырмасына сәйкес, Түркістан қаласын дамыту жөніндегі жоспарды іске асыруға өзге облыстардан бөлек ұлттық компаниялар мен бизнес өкілдері атсалысатын болады. Бүгінде құрылыс жұмыстарымен айналысатын мердігерлерге қатысты құжаттар әзірленіп, тиісті шаралар атқарылуда. Яғни жаңадан салынатын нысандарға арналған жер телімдері зерттеліп, дайындалуда. Сондай-ақ инженерлік коммуникациялар үшін техникалық сипаттамалар жасалып, сәулеттік жоспарлау жұмыстары жүргізілді», – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Сонымен қатар басқосуда Түркістан қаласының өзге де салаларын дамыту бойынша бірқатар министрлер мен министрлік өкілдері алдағы жұмыс жоспарлары жөнінде баяндама жасады. Атап айтқанда, ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы «Әзірет Сұлтан» кесенесінің айналасын жаңғыртуға бағытталған жобалармен таныстырды. «Астанагенплан» ЖШС-нің директоры С.Жүнісов Түркістан қаласындағы жаңа әкімшілік-іскерлік орталық нобайын көрсетті. Ал «BI Group» ЖШС-нің өкілі А.Зикирин әкімшілік-іскерлік орталықта бой көтеретін тұрғын үй кешені мен Ұлы дала музейі, Туристік орталық, Шығыс моншасы, Амфитеатр, Қожа Ахмет Ясауи музейі, Оқушылар сарайы, Облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана, Медиа орталық, «Астана» алаңы, Орталық стадион сынды ғимараттардың жобасымен таныстырды.
Жиынды қорытындылаған Асқар Мамин ауқымды істі жоспардан кешіктірмей, дер кезінде орындауды тапсырды.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.