«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалында өткен брифингте Ұласбек Сәдібекұлы штабтың алдағы жұмыстары мен құрамы жайында жан-жақты айтып өтті. Облыстық қоғамдық штаб 65 адамнан тұрады. Оның құрамына танымал тұлғалар, қоғам қайраткерлері, партия белсенділері, зиялы қауым өкілдері, облыстық филиал саяси кеңесінің мүшелері мен жастар ұйымдарының белсенділері бар. Сондай-ақ, өткен сайлау науқандарына қатысып, мол тәжірибе жинақтаған азаматтар, үкіметтік емес ұйым өкілдері де молынан қамтылды. Бүгінгі күні облыстық және аудандық, қалалық 17 штаб жасақталып, құрамына 573 адам енген. Облыстық, аудандық, қалалық қоғамдық штабтардың аппаратының құрылымы жасақталған. Штабта ұйымдастыру, саяси, қоғамдық қабылдау заңгерлік бөлімдері мен баспасөз-қызметі жұмыс істейді.
- Біз зиялы қауым өкілдерімен, ақсақалдармен, әлеуметтік сала қызметкерлерімен, еңбек ұжымдарымен, кәсіпкерлермен, ауыл шаруашылық саласы мамандарымен, шалғай ауыл тұрғындарымен, үкіметтік емес ұйымдармен, құрылысшылармен, білім, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау саласының және өзге де санаттағы азаматтармен еркін форматтағы кездесулерді көбірек өткізуге көңіл бөліп отырмыз – деді облыстық штаб төрағасы Ұласбек Сәдібеков.
Кандидаттың бағдарламасын сайлаушыларға толыққанды жеткізу мақсат еткен штаб мүшелері облыстық желілік кесте әзірлеп, ол бойынша сайлаушылардың басым бөлігін қамтуды жоспарлап отыр. Мұндағы мақсат - сайлауалды бағдарламаларымызды халықтың жүрегіне жеткізіп, жан-жақты насихаттау. Республикалық қоғамдық штаб мүшелері 12 мамырдан бастап өңірлерді аралауға шығады. Түркістан облысына сапары 27-29 мамырға белгіленіп отыр.
«Nur Otan» партиясы төрағасының Бірінші орынбасары, Республикалық қоғамдық штаб төрағасы Мәулен Әшімбаев басқарып келетін штаб мүшелерінің құрамында Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары және есімдері елге танымал азаматтар бар. Облыс бойынша 1778 сенімді өкіл аумақтық сайлау комиссиясында тіркеліп, куәліктерін алған. 12 мамырда кандидаттың облыстық, қалалық және аудандық қоғамдық қабылдау бөлмелерінің ашылуы шарасы ұйымдастырылады. Оған кез келген азамат өзінің ұсыныс-тілегін, пікірін ашық жеткізуге мүмкіндігі бар.