Среда, 19 Июнь 2019 13:19

Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысының құрылғанына 1 жыл толуымен құттықтады

ҚАДІРЛІ ҚАЗАҚ ЕЛІ! ҚҰРМЕТТІ ТҮРКІСТАНДЫҚТАР!

Сіздерді Түркістан облысының құрылғанына 1 жыл толуымен құттықтаймын. 

Түркістан – күллі Алаштың текті төрі, қазақтың шежірелі шаһары және түркітілдес халықтардың рухани-мәдени ордасы. Сондықтан бұл мереке барша қазаққа ортақ.

2018 жылы 19 маусымда ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Түркістан қаласы облыс орталығы мәртебесін иемденіп, дамудың жаңа сатысына көшті.

Міне, осы 1 жылдың ішінде өңірде ауқымды жұмыстар атқарылды. Елбасы тапсырмасымен облыстар мен үш мегаполис және елдегі ірі компаниялар Түркістанға елге қажетті ғимараттар салу ісіне кірісіп кетті. Президент ретіндегі жұмыс сапарын Түркістаннан бастаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кемелұлы да Түркістанды қолдау, жаңғырту, жаңарту, дамыту жұмыстары тоқтамайтынын айтты. Ел Үкіметінің қолдауымен киелі шаһарды дамытуға серпін беретін 5 тарихи қаулы қабылданды. Осындай қамқорлық пен тарихқа деген құрметтің арқасында өңіріміз күннен-күнге өркендеп келеді. Мемлекет қазынасынан бөлінген әрбір қаржы Түркістанды түлетуге, облыс экономикасы мен әлеуетін көтеруге бағытталып жатыр. Себебі Түркістан қаласын әлемдік деңгейдегі шаһарға айналдыру арқылы біз «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда табысқа жетеміз. Түркі әлеміне әйгілі ғұлама, дін және қоғам қайраткері Қожа Ахмет Ясауи мен қазақтың хандары мен билері, батырлары мен ұлы тұлғалары мәңгі қоныс тапқан Түркістанның өзіне тән ерекше қуат көзі мен адамға жігер беретін қасиеті бар. Сондықтан осы қалада өмір сүру, қызмет ету – басқа қонған бақ.

Құрметті жерлестер!

Біздің алдымызда Түркістан облысын дамытып, Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығына айналдыру міндеті тұр. Осы ұлы мұрат жолында әрбіріміз үлес қосуымыз керек. Бүкіләлемдік ұлы мұралар қатарына енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесін және өзге де тарихи-мәдени ескерткіштерді көзіміздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа жеткізуіміз керек.

Қазір өңіріміздің әрбір аудан, қалаларын дамыту үшін қаржы бөлініп, жұмыстар қолға алынып жатыр. Соның ішінде, Түркістан қаласында аса ауқымды құрылыс жұмыстары қыза түсті. Қаламызда халықаралық талапқа сай тұрғын үйлер, әкімшілік-іскерлік орталығы, мәдени және спорттық, медициналық және рухани нысандар бой көтереді. Биылдың өзінде бірнеше ғимарат пайдалануға беріледі. Мұның бәрі – жарқын болашақ үшін жасалып жатқан ұлы қадамдар.

Баршаңызды Түркістан облысының құрылғанына 1 жыл толуымен құттықтаймын. Әрқайсысыларыңыздың отбасыларыңызға амандық, бақыт және ізденіс пен шаттыққа толы ғұмыр тілеймін. Қазақстанымыз бен Түркістанымыз мәңгі жасай берсін!

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Read 447 times