Вторник, 25 Июнь 2019 17:32

Түркістан облысы: ардагерлер Қазақстан халқына үндеу жариялады

Бүгін Түркістан облысы және Шымкент қаласы ардагерлер кеңесінің мүшелері бас қосты. Шымкент қаласындағы ардагерлер үйінде жиналған 40-тан аса жуық абыз ақсақалдар  24 маусым күні Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайға байланысты Қазақстан халқына Үндеу жариялады.

«Біз, ардагерлер қауымы, Сіздерді алдағы уақытта да осы сабыр мен ынтымақ – бірліктен ажырамауға шақырамыз. Әртүрлі жел сөз бен арандатуға ермеңіздер, жалған ақпараттар таратпаңыздар. Аз ғана сабыр етсек, бәрі оңалады, қалпына келеді. Біз, Түркістан облысы мен Шымкент қаласының, сондай-ақ бүкіл Қазақстанның халқың Арыс қаласын қалпына келтіруге, ондағы тұрғындардың қалыпты өмірге оралуына қолдан келгенше көмектесуге шақырамыз». Дана халқымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Ел басына күн туған осынау қиын-қыстау кезеңде бәріміз бір үйдің баласындай, бір қолдың  саласындай болып, жұдырықтай жұмыла әрекет жасайық. Бұл ісіміз өскелең ұрпаққа үлгі болсын!» делінген үндеуде.Арыста орын алған жағдай – халқымыздың басына түскен сынақ екені анық. Осы тұста, өңір ардагерлері халқымызды сабырға шақыра отырып, ел басына туған ауыр жағдайдан  ынтымақпен, имандылықпен, берекесі жараса әрекет етуге үндеді.

Басқосуда ардагерлер кеңесінің мүшелері, ел зиялылары О.Рахманбердиев, Б.Қонысбек, М.Байғұт, И.Тұрсынқұлов, Л.Бәшенов, Т.Әбдіқайымұлы сөз алып, қазіргі таңда уақытша бекеттерге жайғасқан арыстықтарға басу айтты. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының осы батыл әрекеттеріне, қиын сәтте танытқан қолдауы мен қамқорлығына Түркістан облысы мен Шымкент қаласының халқы дән риза екендіктерін жеткізді. Сондай-ақ жиында Түркістан облысы мен Шымкент қаласының ардагерлері де Арыстағы ағайынға көмек қолын созу үшін, арнайы комиссия құрып, қаражат жинауды бастап кетті.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Read 453 times