Суббота, 29 Июнь 2019 16:22

Арыс қаласының инфрақұрылымы мен тұрғын үй қоры бір айда қалпына келтіріледі

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкіметтік комиссия басшылығында Арыс қаласына барып, қаладағы төтенше жағдайдан зардап шеккен тұрғын үй ықшамаудандары мен әлеуметтік нысандарды аралады. ҚР Үкіметінің басшысы көппәтерлі және жекеменшік үйлер орналасқан «Көктем-1» және «Көктем-2» тұрғын үй алаптарына болды, залалданған жергілікті мектеп, қалалық аурухана мен Халыққа қызмет көрсету ғимараттарын көрді. 

Аралап көру қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Арыс қаласында төтенше жағдайлар салдарын жою жөніндегі Үкіметті комиссия отырысын өткізді. Оның құрамына министрліктер мен облыстық әкімдіктердің басшылары кірді. Ағымдағы жағдай мен төтенше жағдай салдарын жою бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ҚР қорғаныс министрі Н. Ермекбаев, ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаев, денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев, білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов, экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиев, Түркістан облысының әкімі Ө. Шүкеев, Павлодар облысының әкімі Б. Бақауов  баяндады. 

 «Өздеріңіз білетіндей, Елбасы мен Мемлекет басшысы қаланы жедел қалпына келтіруді тапсырған болатын. Бізге Арыс қаласын шұғыл қалпына келтіру бойынша барлық күш-жігерімізді жұмылдыру қажет. Біз Арыс қаласындағы барлық зақым көрген және бұзылған нысандарды 2019 жылдың 1 тамызына дейін жөндеп, салуымыз керек. Барлық міндеттер оңтайлы, сапалы әрі уақытылы орындалуы керек», - деді ҚР Премьер-Министрі. 

Қаланы қалпына келтіруге еліміздің барлық өңірлері атсалысады. Зардап шеккен тұрғын үй ғимараттары облыстар арасында бөлінеді, олар құрылыс бригадаларын жіберуі керек. Арыс қаласына барлық облыстардың, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалаларының әкімдерінің орынбасарлары құрылыс жұмыстарын ұйымдастыру үшін келді. Мемлекеттік материалдық қордан барлық құрылыс материалдары бөлінген. 

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Read 499 times