Жалпы өңірде құрылыс өте қарқынды. 52,2 млрд. теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізіліп, нақты көлем индексі 116 %-ды құрады. 6 айдың қорытындысымен 298,2 мың ш.м. тұрғын үй (2537 пәтер) пайдалануға беріліп, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 47,4%-ға артты. «Биыл әкімшілік-іскерлік орталықтағы 16 нысанның 7-еуі пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Олар: облыс әкімдігінің ғимараты, медиа орталық, «Нұр-Сұлтан» алаңы, қалалық саябақ, музыка мектебі, халыққа қызмет көрсету орталығы, олимпиадалық резервтегі спорт мектебі. Рухани-мәдени орталығында 11 нысанның 4-еуі, яғни, амфитеатр, әуенді су бұрқақ, шығыс моншасы және неке сарайы жыл соңына дейін тапсырылады деген сенім бар», – деген өңір басшысы Арысты қалпына келтіру мәселесі да басты назарда екенін айтты.
Бүгінде Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстары 17 секторға бөлініп, атқарылып жатыр. Әрбір секторға республикалық маңызы бар қала мен облыстарды бекітіп, оған қоса облыстың аудан, қала әкімдеріне жүктелген. Арыста 7 мыңнан астам жеке, 104 көпқабатты тұрғын үйлерді, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарды жөндеу қажет. Қайта салынатындары да бар. Бүгінде 5 646 тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстары басталып, оның 1100-ден астамы қалпына келтіріліп, 3 тұрғын үйдің құрылысы жаңадан жүргізіліп аяқталды.
Қалпына келтіру жұмыстарына 200-ге жуық құрылыс компаниясы мен жұмысшылар тартылған. Арыстық 4000 оқушыны және екі мыңдай ардагерді демалыспен қамту, тұрғындарға 100 мың теңге өтемақы беруге құжат жинау жұмыстары да жоспарға сай атқарылып жатыр. Облыстық мәслихаттың кезектен тыс қырық бірінші сессиясының жұмысына ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы Серік Қожаниязов, облыс әкімдігінің мүшелері, басшылар, ардагерлер және зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»