Среда, 17 Июль 2019 14:06

Түркістан облысы: директорлар кабинеттерін төменгі қабатқа көшіріп жатыр

Түркістан облысында барлығы 606 мемлекеттік орган жұмыс істейді. Оның 445-і жергілікті атқарушы және 161-і орталық органдардың аумақтық департаменттері. Бұл туралы Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте  Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев мәлімдеді. Сондай-ақ баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облыстық филиалының директоры Жанат Момынқұлов филиал тарапынан 2019 жылғы 1 жартыжылдық есебі туралы толығырақ баяндама жасады.

Соңғы алты айда департамент тарапынан 32 тексеру жүргізіліп, 1 558 құқықбұзушылық анықталды. Заңсыздықтарды жою мақсатында 98 ұсыныс енгізіліп,  20 қызметкерге тәртіптік жаза қолданылды. Ал 9 лауазымды тұлғаға әкімшілік тарапынан іс қозғалған. Нәтижесінде 231 300 теңге айыппұл өндірілді. Сондай-ақ, Түркістанда «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жұмыс істейді. Алты ай қорытындысы бойынша жобалық кеңсемен 438 іс-шара атқарылды. Аталған іс-шаралар білім беру ұйымдарынан бастау алды. Өңірдегі жоғары қабатта отырған 316 мектеп директорының 308-і ашықтықты қамтамасыз ету үшін 1 қабатқа орналастырылды.

Сонымен қоса, 8000-нан астам ауыл тұрғындарына «Ашық Түркістан» жобасы аясында құқықтық, заңнамалық көмектер көрсетіліп, 40 ауылдық әкімдіктерде барлық тұрғындарға қол жетімді тегін WI-FI, стационарлы тегін телефон, компьютер және принтерлер қойылды.  Бұл жоба аясында қоғам арасында  адалдық, парасаттылық негіздерін қалыптастыру мақсатында облысымызда соңғы 6 ай ішінде жоблаық кеңсе бастамасымен,  818 «адалдық дүкені» ашылды.

«Биыл Түркістанда жұмысын бастаған ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облыстық филиалы мемлекеттік қызметтің тиімділігін күшейту мақсатында мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттырып, қайта даярлауды жүзеге асыруда. Академия филиалы Түркістан облысы әкімдігі мен агенттік департаментінің қолдауымен бірінші жартыжылдықта 5 қайта даярлау курсы мен 20 біліктілігін арттыру семинарында 646 мемлекеттік қызметшіні оқытты. Филиалда биыл 1092 мемлекеттік қызметшіні оқыту жоспарланған. Бұған қоса, жоспардан тыс, ақысыз 10 семинарда – 279, жалпы, 923 адам оқытылды», – деді Ж. Байжомартұлы.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Read 506 times