Жалпы, цифрлық бағдарламаға көшу – уақыт талабы. Өйткені, осы бағдарлама аясында құжат рәсімдеу, коммуналды қызмет, салық, айыппұл, сақтандыру және өзге де қызмет түрлерін үйде отырып төлеуге мүмкіндік мол. Заманауи технологияның тағы бір жетістігі - куар код, яғни, әрбір нысанды, әрбір ғимаратты куар код арқылы таңбалау. Келестік мамандар бұл технологияға да иек артып, қазір бұл жұмыстар аудан аумағында қарқынды қолға алынуда. «Қазір аудан орталығы мен қатар барлық елдімекендерде жұмыс жүріп жатыр. Негізгі мақсат – «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру. Тақтайшадағы осы код арқылы санаулы ғана уақыт ішінде барлық мәліметтерді білуге болады» - дейді Келес аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Аман Төлебеков.
Аталмыш бағдарламада көше атауларын реттеумен қатар белгіленген стандартқа сәйкес әзірленген куар коды бар арнайы тақтайшаларды орнату да нақты айтылған. Осы негізде жұмыс атқарып жатқан мамандар бүгінге дейін мұндай тақтайшамен аудан орталығын 80 процентін қамтыған. Оның тиімділігі қазірдің өзінде нәтижесін беруде.Цифрлық технологияның қай салада да болсын берері көп. Өйткені, мұның бәрі халықтың заман көшінен қалмай, бақуатты өмір сүруі үшін жасалып жатқан шаралар екені даусыз. Ол үшін оған қай – қайсымыз болсақ жаңалыққа бейімделіп, қолдану аясын кеңейте бергеніміз жөн.
«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»