ҚР Үкіметінің басшысы әскери қалашықтың тұрғын аймағын қарап, И. Журба атындағы мектепті, қалалық аурухананы, темір жол вокзалын, тұрғын үйлерді қалпына келтіру, орталық стадионды реконструкциялау жұмыстарының нәтижелерімен танысты. ҚР Премьер-Министрі кеңес өткізді, онда ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Арыс қаласын қалпына келтіру жөніндегі тапсырмаларын орындау барысы қаралып, құрылыс-жөндеу жұмыстарының қорытындысы шығарылды.
Қысқа мерзімде Арыс қаласында үлкен ауқымды жұмыс атқарылды. Қаланың 90%, соның ішінде, тіршілікті қамтамасыз ететін нысандар мен инфрақұрылымдары қалпына келтірілді. 6,5 мыңнан астам тұрғын үй қалпына келтіріліп, 6,5 мың отбасы жөнделген үйлеріне кірді. Барлық инженерлік инфрақұрылым толық жөндеуден өткізілді. Көшелер ауқымды түрде реконструкцияланды. 62 әлеуметтік нысан, соның ішінде – ауруханалар, мектептер, балабақшалар, спорт объектілері 20 тамызға дейін дайын болады.
Кеңесті қорытындылай келе, ҚР Премьер-Министрі жалпы қаладағы негізгі құрылыс жұмыстары аяқталғанын атап өтіп, тиісті министрліктер мен ведомстволарға бірқатар нақты тапсырмалар берді. Қазіргі таңда зардап шеккен 7516 бір қабатты жеке үйлердің 6611-і немесе 90% жөндеуден өткізілді. Қалған 905 бір қабатты жеке үйлерді жөндеу жұмыстарын 10 тамызға дейін аяқтау қажет. 67 көп қабатты үйлерді қалпына келтіру бойынша жұмыстарды 20 тамызға дейін аяқтау керек. Барлық 66 әлеуметтік нысанды қалпына келтіру жұмыстарын 20 тамызға дейін бітіру қажет. Осыған орай, Штабтардың жұмысы 20 тамызға дейін жалғасады.
Өңірлер бекітіліген секторларындағы нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын аталған мерзім ішінде толығымен аяқтауды қамтамасыз етуі тиіс. Әсіресе, Нұр-Сұлтан қаласы және Алматы облысы бекітілген секторларында жұмыс қарқынын күшейтіп, құрылыс барысын қатаң бақылауға алуы қажет. Түркістан облысының әкімі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, Арыс қаласының және қала маңындағы елді мекендер тұрғындарына бір реттік өтемақы төлеу жұмыстарын толығымен аяқтауы тиіс. А. Мамин Арыс қаласының тұрақты тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін барлық күш-жігерді жұмылдырудың қажеттігін айтып, «Үкімет Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Арыс қаласының одан әрі даму мәселелерін бақылауда ұстайтынын» атап өтті.
«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»