Четверг, 08 Август 2019 11:58

Түркістан: сенаторлар Ордабасы ауданына барып, халықтың мң-мұқтажымен танысты

Ел жұрттың мұң-мұқтажымен танысып, түйінді мәселелерді шешу мақсатында Қазақстан Республикасы Парламенті сенатының депутаттары Әли Бектаев пен Әлімжан Құртаев Ордабасы ауданында болды. Бұл жерде депутаттар құрылыс нысандары, ауыл шаруашылық жұмыстарымен және әлеуметтік мәселелермен де жіті танысты.

Бұрындары бір мектептің құны 700-800 миллион  көлемінде болып келсе, қазіргі таңда бір миллиардттан асып   жатқандары да бар.  «Темірлан» орта мектебінің өзіндік құны бір миллиард бір жүз мыңнан асып жығылуы кімді болса да алаңдатады. Бұдан бөлек тағы да алты мектептің құрылысын қосыңыз. Әрине бұл қыруар қаржы.

Түс ауа аудан депутаттарымен бас қосуда сенат депутаттары мемлекет тарапынан елге жасалып жатқан басымдықтарға жеке-жеке тоқталып, атқарылып жатқан тірліктерге шолу жасады. Сондай-ақ жиында оңтүстіктегі шаруалардың жай-күйі де әңгіме өзегіне айналды. Жайылымдық жердің жетіспеушілігі, субсидияның жылдан – жылға қолжетімсіз болуы, ветеренария саласының кенжелеуі әрине қынжылатын мәселе. Басқосу барысында сөз алған аудан депутаттары осы жағына мән берілсе деген ниеттерін жеткізді. Сонымен қатар, Павлодар - Шымкент бойындағы мұнай құбырының үстінен салынып кеткен үйлер мәселесі де қозғалды. Әсіресе Шұбарсу аумағындағы үйлер. Бұл жерде үйлерді жайына қалдырып, жер астындағы трубаларды Шұбарсудан 12 шақырым айналып өту мәселесі де әңгіме өзегіне айналды.

Тағы бір түйіткілді мәселелердің бірі жер мәселесі. Жекеменшік кәсіпкердің жерді жауапкершілігі шектеулі серіктестікке сатып,    жер заңын қарау барысында заңсыздықтарға жол берілгендігі де айтылды. Бір ғана партияның жұмыс жасап, қалған партиялар сайлау кезінде ғана төбе көрсететіндігі қынжылтады дейді мәслихат хатшысы. Сонымен қатар әкімдердің ауданға көп тұрақтамауына байланысты, депутаттардың өз позициясы болу керектігі де айтылды. Сонда ғана мәслихат депутаттарының статустары анықталмақ екен.Тағы бір мәселе күш атасы Қажымұқан бабаның 150 жылдығына байланысты, үлкен жолдың бойына музейді көшіріп, оны туристтік кластерге енгізу. Бұл мәселе қыруар қаржыны қажет етеді.Мұнан соң да бірнеше нысандарды аралаған сенат депутаттары өздерінің ортақ пікірлерін билікке жеткізіп, бұл мәселелерді өз бақылауларында ұстайтындықтарын жеткізді.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Read 544 times