Биыл жыл басынан бері Түркістан облысындағы Ордабасы аудандық мәслихатының хатшысы, «Nur Otan» партиясының мүшесі Баймахан Садвахасовтың үстінен бірнеше арыз түседі. Арыз болғанда, әншейін бір «домалақ» арыздар емес, иесінің аты-жөні көрсетілген арыздар. Осы жазылған арыздар бойынша қысқаша мәлімет мынадай: 2019 жылдың 4 қаңтар күні «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалына Шымкент қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Д.К.Ержанов тарапынан Ордабасы аудандық мәслихатының хатшысы Б.Қ.Садвахасовқа қатысты жазылған арыз түседі. Арызда Ордабасы аудандық мәслихатының хатшысы Б.Қ.Садвахасовтың өз қызметтік құзырына кірмейтіндігіне қарамастан Ордабасы ауданына қарасты Бадам ауыл округінің әкімі М.Қонысовқа кадрлық мәселеге қатысты қысым жасағаны туралы айтылған. Яғни М.Қонысовқа орынбасары Б.Ахиновты орнынан босатып, оның орнына Ордабасы аудандық мәслихатының депутаты С.Абжаловтың баласы Б.Оразалиевты қоюды айтқан көрінеді (арызға Б.Садвахасов пен М.Қонысовтың арасында болған аудиожазба қоса тіркелген). Осы аудиожазбаны жеке кәсіпкер Д.К.Ержанов Ордабасы аудандық сайлау комиссиясына жолдағанымен, комиссия төрағасы К.Сатқанбай: «Арызда көрсетілген мәселелерді қарауға негіз жоқ» деп жауап қайтарады.
Арызда көрсетілген мәселелерді зерделеу мақсатында облыстық партия филиалының партиялық бақылау жөніндегі инспекторы А.Әбдіқадыров және заңгер-кеңесші А.Еркінбеков биыл 30 қаңтар күні Ордабасы ауданында болып, Б.Садвахасовтан, Бадам ауыл округінің әкімі М.Қонысовтан және Ордабасы аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы К.Сатқанбайдан түсініктеме алады. Қо-о-ш... деп қойыңыз.
Одан бөлек биыл сәуір айында Ордабасы ауданы, Темірлан ауылының тұрғыны Л.Ағабекұлы да Ордабасы аудандық мәслихатының хатшысы Б.Садвахасовқа қатысты арыз түсіреді. Арыз иесі Б.Садвахасовты мемлекет қаржысын мақсатсыз жұмсады деп, 4 мәселені көрсетеді. Атап айтсақ, бірінші, «Б.Садвахасов бұрынғы Ордабасы ауданы әкімі А.Мамытбековпен келісе отырып, Шұбар елді мекеніндегі бастауыш мектепке ғимарат сатып алу мақсатында 0,25 сотық жерді 70 млн. теңгеге сатып алды» делінген. Екінші, «Б.Садвахасов 2018 жылдың қазан айында аудандық бюджеттен қосымша 5,5 млн. теңге бөлдіріп, Лондонға және Астана қаласына мемлекет есебінен барып қайтты» деп көрсетеді. Үшінші, «Б.Садвахасов мінгеніне 2 жыл болған қызметтік көлігін ескірді деп, бюджет қаражатынан жаңа автокөлік алды, осы көлікпен Шымкент қаласынан күніге қатынап жұмыс істеуде» дейді. Төртінші, «Б.Садвахасов Ордабасы ауданы әкімі қызметін уақытша атқарушы Ғ.Үсенбаевпен келісе отырып, «Құрметті азамат» атағын бір жылда 10 адамға беру керек болса, 2018 жылы 21 азаматқа, онда да ауданға еңбегі сіңбеген азаматтарға берді» деп көрсетіпті.
Келесісі. Биыл 12 шілдеде Темірлан ауылының тұрғыны Л.Жүсіп те Б.Садвахасовқа қатысты арыз жазады. Арызда Ордабасы ауданы әкімдігінің жанынан құрылған Қоғамдық кеңес құрамын Б.Садвахасов өзі жасақтап, өзінің өкімімен бекіткендігі, негізі Қоғамдық кеңес туралы заңда төрағасы мен құрамын тиісті мемлекеттік органның шешімімен бекітілуі керек екендігін айтады. Аталған арызды тексеру мақсатында партияның облыстық филиалы тарапынан Ордабасы ауданының әкімі Ә.Өсербаевқа хат жолданған.
Осы аталған арыздардың негізінде «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы Партиялық бақылау комиссиясы барлық арызда көрсетілген мәселелерді арыз иелерінің және Б.Садвахасовтың қатысуымен 2019 жылдың 26 шілдесінде «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы ғимаратында өткен отырыста талқылайды. Және де Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Әбілқасым Досболов (сол уақыттағы. Қазір Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Қайнар Абасов – ред.) «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы Саяси кеңесі бюросына «Nur Otan» партиясының мүшесі Б.Қ.Садвахасовқа «Nur Otan» партиясы мүшесінің Әдеп кодексінің 18-тармағы «Өзінің әрекеттерімен және шешімдерімен партия атына сөз келтірмеуге, өзінің атына айтылған конструктивті сынды кемшіліктерді жою мен партиялық қызметті жақсарту үшін пайдалануға, партия мүшесі ретінде өзінің атына негізсіз жария кінә тағылған жағдайларда, осы кінәлауды жоққа шығаратын ақпаратты тиісті түрде жариялауға тиісті» деген тармағын бұзғандығы үшін «сөгіс» түрінде партиялық шара көруін ұсынады.
Естеріңізде болса, шілде айының басында «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек «Партия қызметкерлерінің жұмысын қайта қарау керек» деген болатын. Сондай-ақ партияның Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасарының үстінен партияға көптеген арыз-шағымдар келіп түскенін айтып еді. Б.Байбек: «Соған байланысты филиал төрағасының келісімімен бұл мәселені Саяси кеңестің аймақтық Бюросында қарап, Нұрмахан Жолдасовты партия қатарынан шығаруға дейін шара қолдану керек деп есептеймін. Халықтың партияға деген сенімін арттыру үшін партиялық тәртіпті түбегейлі күшейтіп, ішкі «тазалау» жұмыстарын жүргізу қажет» - деп атап өткен-ді.
Ал енді жоғарыда аталған жағдайлар бойынша Ордабасы аудандық мәслихаты хатшысының үстінен жазылған арыздарда көрсетілген фактілердің рас-өтірігін уақыт өзі анықтай жатар. Дегенмен үстінен жазылған арыздардың кесірінен қызметтен кеткен Нұрмахан Жолдасовтың «тағдыры» партияда ішкі «тазалау» жұмыстары жүріп жатқан қазіргі тұста Б.Садвахасовтың да басына түсуі әбден мүмкін. Ендігі мәселе «Кадр мәселесіне араласып кеткен Б.Садвахасов сөгіс алып жатса, партия мүшелігінен шығарыла ма? Егер аластатылса, аудандық мәслихаттың хатшылығы қызметінен де кете ме, жоқ па? Егер сайлауға «Nur Otan» партиясы атынан түссе, депутаттық мандаты қаншалықты сақталмақ?» деген сауалдардың төңірегінде өрбитін секілді. Қайткенде де, партия басшылығы не шешсе, сол болатыны анық. Әзірге «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы Саяси кеңесі Бюросының отырысы өтетін күнді күте тұрайық!
Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК.