АҚШ-пен қарым-қатынасты дамытуға және нығайтуға үлкен мән берілетінін айтқан қала әкімі «Біз үшін АҚШ - сенімді серіктес, жаһандық экономиканы дамытудың жетекші орталығы, тиімді басқару мен инновациялардың көшбасшысы. АҚШ Нидерландыдан кейін Қазақстандағы екінші ірі инвестор саналады. Осы бағыттағы іскерлік қарым-қатынасты дамытуға әзірміз. Шымкент – Қазақстанның үшінші мегаполисі, елдің жетекші өндірістік және экономикалық орталықтарының бірі. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Шымкент қаласы ірі транзиттік дәліздерге арналған көлік хабына айналады»,-деді.
Шымкентте бизнес климатты дамытуға барлық жағдай жасалғанын айтқан Е.Айтаханов америкалық компанияларды қонақ үй, мейрамхана бизнесі мен ақпараттық технологиялар және құрылыс, жеңіл өнеркәсіп өндірісі мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласына инвестиция салуға шақырды. Сондай-ақағылшын тілі әлемдік тіл екеніне тоқталған ол миллионды қала үшін өскелең ұрпақтың ағылшын тілін меңгергені маңызды екенін айтып, америкалық инвесторлармен жекеменшік мектеп салу бойынша әріптестік орнатуға ниетті екенін жеткізді.
Өз кезегінде АҚШ-тың Бас консулы Қазақстанның іскерлік, мәдени, білім және ғылым орталығы болып табылатын, ал Шымкенттің екі жақты байланыс үшін маңызды екенін атап өтті. Бұдан бөлек Э.Майер Е.Айтахановқа Шымкент қаласында қараша айында өтетін ІХ Орталық Азия сауда форумының ұйымдастырылуына қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.