Оның негізгісі – Шымкент қаласының 2019-2021 жылдарға арналған бюджеті болды. Сондай-ақ, жиын барысында аталған мәселе бойынша қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр баяндама жасап, мемлекет қаржысының қай мақсатта және қалай жұмсалатыны жайында бұған дейін тұрақты комиссияда қаралғанын жеткізді. Қала әкімі Ерлан Айтаханов республикалық статусқа байланысты Шымкент бюджетінде қаржылық тапшылық орын алғанын, бүгінде республикамен қарқынды жұмыстар жүргізіліп, тапшылықтарды жою үшін 6,2 млрд. теңге қосымша қаражат бөлініп жатқанын және қаражатты бірінші кезектегі қажеттіліктерге жұмсау керек екенін айтты.
«Мәселен, жыл соңына дейін Айкөл, Ақжар, Сайрам елдімекендеріне сапалы ауыз су жүргізілетін болады. Оған қоса, Достық шағынауданынан бастау алатын магистралді су құбыры аяқталып, нәтижесінде Ынтымақ, Жаңатұрлан, Батыс елдімекендеріне су беру мүмкіндігі пайда болады. Сонымен қатар, кеше ғана қоғамдық көлік мәселесі шешілген Тұран шағынауданындағы «Әдия» және «Отау» тұрғын үй кешендеріне баратын жол құрылысына да қосымша қаржы қаралды. Жалпы, алдағы уақытта шалғайдағы елдімекендердің жол-инженерлік инфрақұрылым жүйелеріне қаржы қаралатын болады. Спорт және мәдениет нысандарына да келер жылы қаражат қарастырылады», - деді қала әкімі.
Сондай-ақ, сессия барысында Шымкент қаласы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Нұржан Нәлібаев қосымша баяндама жасап, Шымкент қаласының Экспорт жөніндегі өңірлік кеңесінің дербес құрамын бекіту туралы шешіміне өзгерістер енгізілді.
«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»