Шаһар басшысы мегаполистің инвестициялық және сауда-экономикалық әлеуеті туралы хабардар етіп, аймақта шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасалғанын атап өтті. «Шымкент – Қазақстандағы жетекші өндірістік және экономикалық орталықтарының бірі. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Шымкент қаласы ірі транзиттік дәліздерге арналған көлік хабына айналады. Мұнда инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалған, яғни екі индустриялық аймақ пен бір арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді, алдағы уақытта «Жұлдыз» және «Агро» индустриялық аймақтарын салуды жоспарлап отырмыз. Ал біз Венгрияны бау-бақша мен жүзім шаруашылығы жоғары дамыған ауыл шаруашылығы саласындағы индустриялық ел екенін білеміз. Сондықтан осы бағытта әріптестік орнатуға ниеттіміз. Оған қоса ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласы бойынша да бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын», - деді ол.
Өз кезегінде екі елдің тарихи тамыры ортақ және даму жолдары ұқсас екенін айтқан Бас консул шымкенттік жастарды Венгрия мемлекетіне оқуға шақырды. Блауманн Ференц Қазақстанға жыл сайын 250 грант бөлінетінін, яғни осы арқылы Шымкент қаласының студенттерін барынша қамтуға болатынын атап өтті.
Кездесу соңында тараптар екі ел халықтарының игілігі үшін барлық бағыттар бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға сөз байласты.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.