Пятница, 08 Ноябрь 2019 19:56

Түркістан облысы: Жетісайға облыстық әдеп жөніндегі кеңес төрағасы келді

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері Агенттігі Түркістан облысыбойынша Департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі Кеңес төрағасы Болат Исақов Жетісай ауданында мемлекеттік қызметшілермен кездесіп, жиын өткізді. Аудан әкімдігінде өткен жиынға қала, кент, ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшылары, мектеп директорлары қатысты.

Әдеп жөніндегі Кеңес төрағасы Болат Әлмаханұлының мәліметінше өткен 9 айда департаментке жеке және заңды тұлғалардан түскен 537 шағымның 492-сі мемлекеттік қызметшілердің іс-әрекетіне, ал, 45-і мемлекеттік көрсетілетін қызметке қатысты болған. Департамент тарапынан жүргізілген тексеру жұмыстарының қорытындысы бойынша жетісайлық 3 мемлекеттік қызметкер құқықбұзушылыққа жол берсе, әдеп жөніндегі кеңесте ауданның 5 лауазымды тұлғасының мәселесі қаралған. Сонымен қатар, Жетісай ауданы Қазыбек би ауылдық округінің әкімі Дәулет Уразовтың үстінен «Жер учаскесін нысаналы мақсатына өзгертуге шешім беру» мемлекеттік көрсетілетін қызметін көрсетуден негізсіз бас тартқаны үшін әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалса, «Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау» мемлекеттік көрсетілетін қызметіне қатысты кемшіліктер жібергені үшін Жылы су ауылдық округінің әкімі Е.Дауылбаевқа «Қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту», Қазыбек би ауылдық округінің әкімі Д.Уразовқа «Ескерту», Жылы су ауылдық округі әкімінің орынбасары А.Алдешовке «Ескерту», Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Б.Тәжіге «Сөгіс», Халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары М.Касимовке «Қатаң сөгіс», Халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы С.Досовқа «Қызметтен босату», Мақталы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Н.Жақсылықовқа «Ескерту» және Қазыбек би ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ә.Оналбаевқа «Ескерту» түріндегі тәртіптік жазалар қолданылған.

«Шағымдардың басым бөлігі мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің өздеріне жүктелген міндеттерді толық орындамағандығынан, қызметтік әдеп нормалары мен конкурс ережесінің бұзылуынан, жергілікті атқарушы органдардың арыз иелеріне берген жауаптарына келіспеулерінен туындаған. Біз әлі де болса жұмысымызды ширатып, кәсіби деңгейімізді арттыра түсуіміз керек. Кәсібилік – халық пен билік арасында тығыз байланыс орнаған жағдайда ғана болады» - деді жиында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері Агенттігі Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі Кеңес төрағасы Болат Исақов. Сондай-ақ, Болат Әлмаханұлы Жетісай ауданына жасаған іс-сапары барысында қаладағы халыққа қызмет көрсету орталығы мен халықты жұмыспен қамту орталығының, Жетісай қаласы әкімі аппаратының, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің жұмыстарымен танысып, аудан тұрғындарына жеке қабылдау өткізді.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Read 373 times