Жиында алғашқы қаралған мәселе незізінде Түркістан облыстық мәслихатының осыдан бір жыл бұрынғы «2019-2021 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешімге өзгерістер енгізілді. «Жалпы бүгінгі сессияда өзгерістер енгіздік. 2019 жылға арналған біздің облыстың бюджеті Республикалық бюджеттен келген 31,8 млрд. теңгеге ұлғайып отыр. Оның негізгісіне тоқтала өтсек, облыста білесіздер, АӘК алатындардың ең көп шоғырланғанына байланысты республикалық бюджеттен 10 млрд-тан астам қаржы осыған келіп отыр. Сонымен қатар, осы жылдың 1-ші шілдесінен бастап, азаматтық қызметшілерді айлығын көтеру туралы Президенттің тапсырмасы болған. Соған сәйкес, мектеп мұғалімдерінің жалақысын көтеруге 3,1 млрд. теңге республикалық бюджеттен трансферт келіп отыр» - дейді Түркістан облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Арман Абдуллаев.
Жауаптылар қазынадан бөлінетін қаржы игерусіз қалмайды, бюджеттен бөлінген қаржы мақсатты жұмсалып, әлеуметтік экономикалық жағдайын бақылауға бағытталады деп отыр. Жиында талқыланған маңызды мәселенің бірі - Түркістан қаласының Бас жоспары мен 2050-ші жылға дейінгі даму стратегиясын бекіту туралы. Елбасының тапсырмасымен қолға алынған іс - алдағы уақытта рухани шаһардың өркендеуіне жол ашпақ. Бүгінде Түркістан аумағы 19600 гектарды құраса, енді ауқымы кеңейіп 22 мың гектардан асатын болады. Соған орай, көпқабатты және қонақ үйлердің саны артпақ.
«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»