- Тәуелсіздік алғаннан соң Түркістанды астана ретінде қарастырдым. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, жағдай бұған жол бермеді. Бүгін бұл қала облыс орталығына айналды, шаһарды жандандыру жұмыстары жүргізілуде. Түркістан - түркі әлемінің бесігі. Бауырлас түркі мемлекеттері де бізге көмектеседі деп сенемін, - деді Елбасы. Қазақстанның Тұңғыш Президенті бүкіл қала бойынша жүріп жатқан құрылыс қарқынының жоғары екенін атап өтті. - Бірінші кезеңде 175 нысанның құрылысы жоспарланған. Оның 102-cі биыл іске қосылады. Бұл процеске еліміздің барлық өңірлері қатысып жатыр, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы облыс орталығының құрылысы мен жандануына ат салысып жатқан барша жұртқа алғысын білдірді. - Барлық жоспарланған нысандардың құрылысы аяқталғаннан кейін біз туристердің көбеюін күтеміз. Сонымен қатар, қосымша жұмыс орындары ашылады. Мұның бәрі біздің халқымыздың өмір сүру деңгейіне оң әсер етеді, - деп түйіндеді Қазақстанның Тұңғыш Президенті. Концерт соңында Нұрсұлтан Назарбаев қолөнершілердің көрмесін аралап көрді. Онда әлемнің 20 елінен келген шеберлердің жұмыстары ұсынылған.
«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»