Алпауыт елдердің сарапшылары бас қосқан форумда Жібек жолы бойындағы туризмді дамыту жайы сөз болды. Аталмыш саланы цифрландыру мен маркетингтің жаңа мүмкіндіктері мен тенденциялары айтылды. Туризмді экономиканың қозғаушы күшіне айналдыру үшін қандай қадамдар жасау қажеттігі сараланды. Орта Азия елдері өзара байланысты жақсарту мен туризмге инвеститция тарту мәселесі талқыланды. Форумда қатысушыларға Түбі бір түркі жұртының рухани астанасы атанған Түркістанды әлемге таныту үшін жасалып жатқан жұмыстар таныстырылды.
Дүйім жұртты өз кереметімен тамсандыратын Түркістан 5 негізгі бағытта дамиды. Әлем кезген саяхатшылар үшін атадан балаға мұра болып келе жатқан қолөнер дәріптеледі. Тарихта алтын әріптермен жалызыл қалған Сауран мен Отырар қаласында сол кездің өзінде дамыған сауда-саттық пен ұлттық құндылықтарымыз қатар насихатталады. Ең негізгісі Яссауи кесенесі мен оның айналасындағы көне қалалар туристердің тікелей тамашалайтын жеріне айналмақ.
Төрткүл дүниеден жиналған сарапшылар туризмді дамытуға қатысты көптеген қызықты ойлар мен тың идеяларын ортаға салды. Әсіресе Қазақстан мен Өзбекстан бірлесіп қолға алған Жібек жолы ортақ визасының берері мол, дейді мамандар. Форум аясында Тайқазанның 620 жылдығына орай «Taiqazan» — Ұлы Жібек жолындағы Орта Азия елдерінің гастрономиялық фестивалі» және «Silk Road Craftsman-2019» халықаралық қолөнершілер жәрмеңкесі 2 күнге жалғаспақ.
«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»