Среда, 13 Ноябрь 2019 09:17

Түркістан облысының бас құжаты бекітілді

Қаржыны жұмсауды жүйелеудің арқасында Түркістан облысының бюджеті бір жылда 560 млрдтан 746 млрд теңгеге өскен. Бұл жөнінде өңір басшысы облыс мәслихатының кезектен тыс 43 сессиясында мәлімдеді. 3 жылға арналған облыс бюджетін нақтылау және қазынаның кірісін толықтырудағы қиындықтар қандай?

Сессияда қаралған 10 мәселенің өзектісі «2019-2021 жылға арналған облыс бюджетін нақтылау». Тұрақты комиссияларда бұл мәселе жан-жақты талқыланғандықтан ол бойынша шешімді депутаттар бірауыздан мақұлдады. Облыс бюджетінің көлемі мақсатты трансферттер есебінен — 31 млрд. 800 млн. теңгеге ұлғайды. Қаржының 10 млрдтан астамы атаулы әлеуметтік көмекке бағытталды.«Қызметкерлердің, мұғалімдердің жалақысын көтеру жөнінде Елбасы айтқан болатын. Оған 3,1 млрд теңге жұмсалады. Игерілмеу қауіпі бар 3 млрд. теңге қаржыны басқа салаға бағыттаймыз» - дейді Түркістан облысының стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Арман Абдуллаев.

Жыл басында Түркістан облысының бюджеті 560 млрд. теңгені құраған. 1 қарашаға берілген мәлімет бойынша оның көлемі 746 млрд. теңгеге жеткен. Қаржыны жұмсауды жүйелеу жұмыстарының арқасында қазына 200 млрд. теңгеге толықты. Алайда өңірдің өз табысы төмен дейді өңір басшысы.«Өзіміздің табысымыз 53 млрд. теңге. 67 млрд. теңгеге өскен. Бұл өте аз. Келесі жылы ол көрсеткішті 75 млрд. теңгеге жеткізу міндеттеліп отыр . Кіріс көздерін анықтау қажет. Қаражат болмаса құрылысты қалай жүргіземіз?» - деді ол.Аумағы 116 мың шаршы шақырым, халық саны 2 миллионға жеткен Түркістан облысының бас құжаты бекітілді. Қазынадағы қаржыны ысырап етпей, мақсатты жұмсау ауыл әкімдерінен бастап басқарма басшыларына тапсырылды. Бюджет қаржысын тиімсіз пайдаланғандардың жауапкершілігі де қатаң қаралатын болды.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Read 430 times