Четверг, 14 Ноябрь 2019 10:53

Түркістандықтар Жолдаудың басым бағыттарын талқылады

Түркістан облысы Жастар ресурстық орталығында «Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К. Тоқаевтың халыққа Жолдауы: әлеуметтік және қоғамдық жаңару бағыты» тақырыбына «дөңгелек үстел» өткізілді. Аталмыш іс-шараны Еуразиялық интеграция институты мен Түркістан облысы әкімдігінің қоғамдық даму басқармасы бірлесіп ұйымдастырды. «Дөңгелек үстелдің» мақсаты – Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К. Тоқаевтың Жолдауда ұсынған басым міндеттерін талқылау. Жиынға жоғары білім жүйесінің, ардагерлер кеңесінің өкілдері, жастар мен кәсіпкерлер қатысты.

Іс-шараның модераторы, белгілі саясаттанушы Ерлан Саиров Ел Президентінің Жолдауы елдегі әлеуметтік-саяси процестердің негізгі элементі және қоғамдық болмысты байыппен жаңарту контуры екенін атап өтті. «Президент Жолдауы еліміздегі әлеуметтік-саяси процестердің және қоғамдық сананы жаңғыртудың базалық элементі болып табылады. Мемлекет пен азаматтар арасында байланыстың жаңа форматы, тұрғындармен кері байланыстың жаңа механизмдері қажет. Бұл ретте жастар қауымы ең белсенді әрі негізгі күш екені даусыз. Бұл Жолдауда әлеуметтік мәселелермен қатар қоғамдық-саяси үрдістерді жаңғырту, қоғаммен билік арасында диалог орнату мәселелері қамтылған. Өзгеріссіз бірде-бір қоғам немесе мемлекет дами алмайды. Сондықтан біз қоғамдағы жаңа өзгерістерге, даму процестеріне дайын болуымыз керек. Ол үшін ұлттың санасын көтере отырып, жаңа әлеуметтік стандардтарды жасаған абзал», – деген саясаттанушы жаңа дәуірі басталған Түркістан облысы мен Түркістан қаласының ірі орталыққа айналатынына сенім білдірді.

Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж. Құлбайымбетов Президент Қ. К. Тоқаевтың Жолдауы саяси маусымды ашып бергенін айтты. Оның айтуынша, Президент Жолдауында қоғамдағы ең маңызды әрі өзекті мәселелер түгел қамтылған. Түрлі санаттағы азаматтардың пікірлерінен Президенттің алғашқы Жолдауы жоғары білім жүйесі өкілдерінің ғана емес, жастар арасында да зор қызығушылық тудырғанын аңғарылды. Сөз сөйлеушілер Жолдауға деген қызығушылығын ондағы айтылған стратегиялық, экономикалық, саяси даму векторларымен қатар, орталық пен өңірлерде жиналып қалған көкейтесті проблемаларға ерекше көңіл бөлінуімен түсіндірді. «Түркістан облысының жастары Мемлекет Басшысының Жолдауындағы әлеуметтік және саяси бастамаларды қызығушылықпен қабылдады және осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыруға атсалысады. Жолдауды талқылап қана қоймай, нақты іске көшу керек», – дейді жиынға қатысушылар.

Басқосуда демография, білім саласы, әлеуметтік көмек, жемқорлықпен күрес, саяси либерализация, адам капиталын дамыту, қазақ халқын кәсіпкерлікке бейімдеу, азаматтық қоғамды дамыту, руханият, мәдениет және өзге де мәселелер сөз болды. Түркістанда Қазақстан Республикасы Президенті Жолдауының орындалуын қоғамдық бақылаудың тетіктері тиімді дамуда. Азаматтар мен өңірлік билік органдарының бірлескен бастамасы бойынша азаматтардың шағымдары мен өтініштерін қарастыратын және жауап беретін құрылым құрылған.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

 

Read 444 times