Среда, 13 Ноябрь 2019 18:57

Түркістан облысы: Мақтаарал ауданында еңбек заңнамалары түсіндірілді

Облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы Алмасбек Мамытбеков Мақтаарал ауданында болды. Іс-сапар барысында жергілікті тұрғындарға еңбек заңнамаларына қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жеке қабылдау өткізді. 

Мырзакент кентіндегі «Пушкин» жалпы орта мектебінің директоры Гүлмира Орақбаева өз қызметкерлерінің өтінішін арқалап келген. Ол санатына қарай әртүрлі еңбекақы алатын мұғалімдердің жалақысы бойынша мәселені көтерді. Жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы талаптардың еңбек шарттары бойынша орындалу барысындағы сұрағына жауап алды.

«Мен өзім мектеп педагогтарымен және мектептің кіші қызметкерлерімен жұмыс барысында кездесетін көкейдегі сұрақтарды қойып, қанағаттанарлық жауап алдым. Жұмыстарына, атқаратын қызметтеріне, төленетін төлемақылары жөніндегі дұрыс нұсқаулар алдым. Өз тарапымыздан өтініш айтылды. Ол кісі өз кезегінде өтініштердің орындалуына ықпал жасаса, ұжымымыздың атымыздан алғысымызды айтамыз» – дейді «Пушкин» ЖОМ-нің директорыГүлмира Орақбаева.  

Тұрғындар кездесу барысында көп жағдайда үстеме жұмысқа ақы төленбей қалатыны жайында айтты. Бұл ретте сала мамандары еңбек заңнамасы бойынша қандай жағдайда жұмыскерге үстеме ақы төленетіндігі жайлы түсіндіріп берді.

«Егер жетіден кейін тоғызға дейін жұмысқа қалатын болсаң, азанғы тоғыздан кейін сегіз сағатқа қанша төленетін болады, соны есептеп шығады. Мысалы, саған бір сағатқа 400 теңге шығатын болса, ал кешкі жетіден кейін екі сағатқа жұмысқа алып қалса, 400 теңге бір жарым есеге көбейіп, 600 теңге төлеу керек қосымша»   дейді Алмасбек Мамытбеков.

Облыстың бас еңбек инспекторы аудан тұрғындары тарапынан қойылған сұрақтардың шешімін жан-жақты қарап, мәселелерді аудандағы мекеме басшыларына белгіленген уақыт мерзімінде орындауды тапсырды.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 328 times