Құттықтау сөзінде аудан басшысы мәслихаттың құрылу тарихына тоқталып, еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бергі жеткен жетістіктерге мәслихат депутаттарының қосқан үлесі зор екендігін, алдағы уақытта ауданның дамуына бірлесіп жұмыс атқара беретінін айтып, мерекеге орай ұйымдастырылып отырған турнирге қатысушы жас спортшыларға сәттілік тіледі. Одан кейін аудандық мәслихат хатшысы Мұқадас Нақыпбеков мәслихаттың 25 жылдық тарихындағы сан қырлы жұмысы және мәслихаттың алғашқы хатшысы Бейсебай Серік Күзенбайұлының еңбегі туралы баяндама жасады. Баяндамадан кейін Мұқадас Әуенұлы Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқарудың дамуы мен қалыптасуына қосқан елеулі үлесі үшін «Қазақстан мәслихаттарына – 25 жыл» мерекелік медалімен облыс көлемінде басшылық қызмет атқарып жүрген ел ағалары мен ауданның бірқатар еңбек ардагерлерін және Серік Күзенбайұлының жолдасын марапаттады. Мерекелік марапаттаудан кейін облыс әкімінің кеңесшісі Ұласбек Сәдібеков ауданның барша мәслихат депутаттарын мерекемен құттықтап, мәслихаттың тұңғыш хатшысы Серік Күзенбайұлының ауданның дамуына сіңірген еңбектерін айтты.
Мерекелік шарадан кейін Шаян ауылының кіре берісіндегі «Тілеулі Қарабатыр баба» кесенесінің ауласында жасыл шырша егу рәсімі өтті. Жалпы, Бәйдібек аудандық мәслихатының 25 жыл мерекесіне орай мәслихаттың тұңғыш хатшысы Бейсебай Серік Күзенбайұлын еске алуға арналған жастар арасында волейболдан аудандық турнирге 11 ауылдық округтен бір-бір команда қатысты. Жарыс аудандық спорт кешені мен Шаян көпсалалы лицей жалпы орта мектебінің спорт залында өтіп, жеңімпаздарға кубок пен дипломдар және медальдар, естелік сыйлықтар табыс етілді.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.