Түркістанда аптап ыстықтан сая болатын жасыл белдеу жұмысы барысында аудан мен қала жұрты асарлатып, 220 мың түп ағаш егеді. Қазақта «Жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді» деген тәмсіл сөз бар. «Эко сағат!» республикалық акциясы аясында мұнда 20 түп каштан, 30 лип ағашы мен 50 түп арша бой көтермек. «Мақсатымыз – өзіміз өмір сүріп жатқан көне шаһар Түркістанды көгалдандырып, көркейту. Оңтүстік өңірі ағаш өсіруге өте қолайлы аймақ. Айналамызды жасыл желекке бөлеп, қоршаған ортамыздың көгалдандыруға бәріміз атсалысуымыз керек. Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде дені сау ұрпақ, баянды болашақ қалыптасады», – деді Өмірзақ Естайұлы аталған шараның маңыздылығын алға тарта.
Түркістан қаласы айналасынан жасыл белдеу құру мақсатында бүгінде 488 гектар жерге 203 496 түп ағаш көшеттері (қарағаш, бадам, өрік, терек, жиде) егілген. Сонымен қатар, бүгінде 2-кезең бойынша Арыс-Түркістан каналы бойындағы жерлерді жаппай жырту және ағаш көшеттерін егу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта жасыл белдеуге егілетін көшеттерді өндіру мақсатында 300 гектар жерге тұқымбақ ашып, оның 30 гектар аумағына ағаш тұқымдарын себу және 1212 гектар жерді жыртып, 100 гектарына ағаш көшеттерін егу жұмыстары атқарылмақ. Жалпы, республикалық маңызы бар шара шеңберінде, елімізде 1 миллион ағаш егіледі.
«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»