«Құрылыс сапасын тұтынушы білер. Бастысы – халық ризашылығы. Осының бәрі тірліктің көзін тауып, басқарып отырған басшыларыңыздың арқасында», – деді «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Арыс ақсақалдарымен кездесу кезінде. Сондай-ақ Өмірзақ Шөкеев пен Ахметжан Есімов толықтай жаңартылған теміржол вокзалында болып, күрделі жөндеуін тексерді. Арыстықтар аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев пен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасын 1200 орындық жаңа стадионда өтетін доп додасында қарсы алды. Өмірзақ Шөкеев пен Ахметжан Есімов жас спортшылармен бірге футбол алаңында доп теуіп, ойынды ашып берді.
Айта кету керек, «Самұрық-Қазына» Әл-ауқат қоры қаладағы 68 нысанды қалпына келтіруге қол ұшын созып, 53 білім беру нысаны, 8 денсаулық сақтау, 4 спорт, 3 қоғамдық орын нысандарын толық жөндеуден өткізді. 16 мектеп жаңа жиһазбен қамтамасыз етілді. Бүгінде 64 нысан ел игілігіне берілді. Тағы 4 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Түркістан қаласындағы 7 әлеуметтік жоба да қор қолдауында. Олардың құрылысымен танысқан «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы, Оқушылар сарайы, 7000 орындық стадион, Конгресс орталығы, Қ.А.Ясауи мұражайы мен амфитеатрда болды.
«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»