Осыған байланысты бүгін Республикалық бірыңғай азаматтарды қабылдау күнінде Мақтаарал ауданындағы мемлекеттік органдардың есігі тұрғындар үшін айқара ашылды. Ауданның бірінші басшысы Бақыт Асанов аудан әкімінің аппаратында аудан тұрғындарын жеке қабылдады. Қабылдауға аудан әкімінің орынбасарлары мен аудандық дербес бөлім басшылары қатысып, тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді шешуге барынша атсалысты.
Қабылдауда болған азаматтар негізінен ауызсу, газ, жол және әлеуметтік көмек пен тұрғын үйге қатысты мәселелер көтерді. Өз кезегінде аудан басшысы тұрғындардың сөзін мұқият тыңдап, айтылған әрбір мәселе бойынша заң аясында түсіндірмелер берді. Сондай-ақ бақылауға алынған мәселелер бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтып, бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Айта кетейік, таңғы сағат 09:00-ден бастап 19:00-ге дейін Мақтаарал ауданына қарасты кенттер мен ауылдық округ әкімдері де өз аппараттарында тұрғындарды қабылдады.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.